«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тәлімгерліктен бастап Үлкендегі АЭС-ке дейін: Гүлнар Бижанова әйелдерге арналған салалардың мүмкіндіктері жайында айтты

2025 жылғы 10 Желтоқсан
991 просмотров

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Атамекен» ҰКП Өнеркәсіп және технологиялар саласындағы әйелдердің II Халықаралық конгресіне қатысты. Негізгі тақырып – әйелдер көшбасшылығын дамыту және олардың жоғары технологиялық жобаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған ұсыныстар.

Жиын индустриялардың болашағы, кадр дайындау және экономиканың барынша технологиялық секторларындағы әйелдердің рөлі талқыланатын маңызды алаңға айналды. Биыл Конгресс алты елдің өнеркәсіп компанияларының, ғылыми орталықтарының және әйелдер қауымдастықтарының көшбасшыларын біріктірді. Іс-шара ұйымдастырушылары – Қазақстанның Ядролық қоғамы қауымдастығы мен «Росатом» әйелдер қауымдастығы. Жоба «Росатом» және Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі жанындағы Еуразиялық әйелдер форумы кеңесінің қолдауымен өтті.

Бір күн бұрын Women Career Lab практикалық зертханасы – әйелдерге арналған алғашқы халықаралық тәлімгерлік жоба ұйымдастырылған болатын. Жобаға қатысқан 120-ға жуық әйел сарапшылармен бірге келешек индустриясының бағыттарын зерттеді. Қазірдің өзінде Қазақстан әйелдерінің кәсіби қауымдастықтарымен бірлесіп, тау-кен металлургия кешені, AI, мұнай-газ және энергетика, атомдық өнеркәсіп, ESG және кәсіпкерлік бағыттары бойынша 2026 жылға арналған бастамалар әзірленіп жатыр.

Талқылауға «Қазатомөнеркәсіп», «Росатом», ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттік, Қазақстанның Ядролық қоғамы, KAZENERGY, «МИФИ» ҰЯЗУ, Qazaq Green Power, СИБУР және Түркияның Қорғаныс өнеркәсібі академиясынан 30-дан астам сарапшы қатысты.

Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Тимур Жантикин конгресс жұмысын аша отырып, «Балқаш» АЭС құрылысы жергілікті өнеркәсіпті дамытудың қуатты драйверіне айналатынын атап өтті. Қазақстандық компаниялар жұмыстың шамамен 30%-ын атқармақ, 10 мыңға дейін жұмыс орны ашылып, мамандардың біліктілігі арттыру көзделген, бастысы – әйелдер үшін салада жаңа мүмкіндіктер ашылмақ.

Сессияда атом энергетикасы, өнеркәсіп, ядролық медицина, сарапшылық қауымдастықтар және ШОБ өкілдері жиналды. Жиынға қатысушылар стратегиялық салалардағы әйелдер рөлінің артуын, кадрларды дамытудағы жаһандық трендтерді және ірі жобалардың, соның ішінде Үлкендегі АЭС құрылысының мүмкіндіктерін талқылады.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова әйелдер көшбасшылығын дамытуда ұлттық өнеркәсіптік саясаттың назар аударуға тиіс бірқатар басым бағытын атап өтті.

Ол әйелдерді жоғары технологиялық жобаларға қатысуға жүйелі түрде дайындау қажеттігін, сондай-ақ кәсіби коучинг пен тәлімгерлік институтын дамытудың маңыздылығы туралы айтты. Оның айтуынша, мұндай тетіктер жас мамандарға мансаптық жолды құруға, STEM бағыттарын игеруге және басқарушылық құзыреттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, қолданыстағы салалық бастамалар мен білім беру бағдарламаларын бірыңғай үйлестіру платформасына біріктірудің маңызы да атап өтілді. Мұндай интеграция үздік тәжірибелерді жинақтауға, тәжірибе алмасу мүмкіндігін кеңейтуге және әйелдердің кәсіби ресурстарға қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Гүлнар Бижанова әйелдердің қоғамдық-саяси процестерге, оның ішінде сарапшылық кеңестер мен салалық жұмыс топтарынан бастап негізгі ұлттық шешімдер қабылданатын алаңдарға дейін белсенді атсалысуынсыз өнеркәсіпті одан әрі дамыту мүмкін емес екендігін атап өтті.

Басымдықтар жайында сөз қозғай отырып, ол даму бағыттарының маңызды бөлігі ретінде Үлкендегі АЭС құрылысы жобасын атады. Болашақ станцияның айналасында үлкен инфрақұрылым мен жеткізу тізбегі қалыптасуда. Бұл ретте осы жұмыстардың сервистік қызметтерінен бастап, сапаны бақылау, цифрлық және инженерлік шешімдерге дейінгі салаларындағы жұмыстарға әйелдердің басқаруындағы ШОБ-қа қатысу мүмкіндігі қарастырылғаны айтылды.

Қазақстанның Ядролық қоғамы қауымдастығы және «Росатом» әйелдер қауымдастығы «Росатом» мен Еуразиялық әйелдер форумы кеңесінің қолдауымен Women Career Lab тәлімгерлік практикалық лабораториясын өткізді. Жоба аясында 120-дан астам жас  жетекші сарапшылармен бірге өнеркәсіп секторы мамандықтарын таңдаудағы стереотиптерді, еңбек нарығындағы өзекті үрдістер мен болашақтағы сын-тегеуріндерді талдап, жеке мансаптық жоспарларын әзірледі. Сонымен қатар Women Career Lab бірінші легінің қатысушылары өзінің мансаптық жолын жан-жақты саралап, табысты мансап құруға қажетті дағдылар мен құзыреттердің тиімді жиынтығын қалыптастыру мүмкіндігіне ие болды.

«Women Career Lab – Халықаралық кеңес қызметі аясындағы біздің алғашқы халықаралық әйелдер тәлімгерлігі жобасы. Кеңес құрамына 20 елдің кәсіби әйел мамандары кіреді. Лабораторияны Қазақстанның атынан Халықаралық кеңесте төрағалық ететін Women in Nuclear аясында іске қосқанымыз символдық мәнге ие. 2026 жылға арналған жоспарларда да Қазақстанның әртүрлі индустрияларда дамып жатқан әйелдер кәсіби қауымдастықтарымен бірлескен бастамалар бар: тау-кен өндіру, жасанды интеллект, мұнай-газ, энергетика, ESG, атом өнеркәсібі, өңдеу секторы, кәсіпкерлік және басқа бағыттар. Халықаралық кеңес түрлі елдердің әйелдер кәсіби қауымдастықтарын біріктіретін тұрақты платформа қалыптастырды», – деді «Росатом» әйелдер қауымдастығының жетекшісі, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі жанындағы Еуразиялық әйелдер форумы кеңесінің мүшесі Александра Рябых.

Кездесу барысында Қазақстанның жас мамандарды қолдау және әйелдер көшбасшылығын дамыту бастамаларына да ерекше назар аударылды. Бұл туралы WiN Kazakhstan президенті әрі Қазақстанның Ядролық қоғамы қауымдастығының директоры Тоғжан Сейфуллина баяндады. 

Зерттеу жұмыстарының қорытындылары бойынша бұл тәжірибені серіктес елдерге тарату ұсынылды.

«Атамекен» ҰКП әйелдер көшбасшылығын дамыту, білікті кадрлар даярлау, ШОБ-ты қолдау және әйелдерді жоғары технологиялық салаларға интеграциялау бағытында жұмысты жалғастырмақ.

Жоба кеңсесін құру және білім беру алаңдарын біріктіру жұмыстары салалық серіктестермен бірлесіп жалғастырылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174