«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Маңғыстауда өңделген түйе жүнінен жасалған түрлі өнімдер шетелге шығарылады

2024 жылғы 07 Ақпан
- Маңғыстау облысы
7397 просмотров

Маңғыстауда өңделген түйе, қой жүнінен түрлі бұйымдар жасап, табысқа кенелгендер қатары күн санап көбейіп келеді. Мәселен,  Құрық ауылының тұрғындары «Бір ауыл - бір өнім» жобасы аясында түйе, қой жүнін сұрыптап, кәде сыйлар, ойыншықтар, киімдер мен әртүрлі бұйымдарды саудаға шығарып жатыр.

2022 жылдың қараша айында бастау алған «Бір ауыл - бір өнім» жобасы шеңберінде 33 адам жұмыспен қамтылды. Олардың қатарында зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жастар бар. Жоба нәтижесінде  1 жылдың ішінде 5 мемлекетке, атап айтқанда АҚШ, Германия, Түркия, Қытай және Ресейге маңғыстаулықтар өз өнімдерін жолдап үлгерген. Қазақстанның да түкпір-түкпірінен тапсырыс келіп түседі.  Айта кетейік, «Бір ауыл - бір өнім» еліміз бойынша түйе, қой жүнінен көптоптамалы ойыншықтар пен кәдесыйлар шығаратын жалғыз жоба. 

-Тың идеяны негізі менторымыз Сәуле Халеловна жапондықтардан көріп, өз елімізде іске асыруға бел буды. Өйткені, Маңғыстауда қой мен түйе жүні көбіне пайдаға аспай, далада өртеніп жатады. Қолдағы шикізатты кәдеге жаратып, бір жағынан ауылдағы қыз-келіншектерге үйретіп, табыс табуына септесуге мақсат қойдық. Сол мақсат бүгінде іске асырылып жатыр, - деді жоба жетекшісі Жаңагүл Жапарова. 

Жоба жетекшісі жергілікті шаруа қожалықтарынан түйе жүнінің 1 келісін 500 теңгеге, қой жүнін тегін алып жатқандығын айтты. Бүгінде жоба аясында өнім көлемін ұлғайтып, өзге елдерге экспорттауға жұмыстанып жатыр. 

Жоба арқылы табыс тауып жүрген қыз-келіншектер  қатары көп. Тіпті өз мамандығынан бөлек бос уақытында сүйікті ісімен айналысып нәпақасын тауып жүргендер де бар. Солардың бірі - Анар Қошаева. Ол «Бір ауыл - бір өнім» жобасында технолог болып қызмет атқарады. Негізгі мамандығы - мұғалім. 

-Мектепте мұғалім болсам, бұл жерде де білгенімді қыздарға үйретемін. Өнім толық дайын болғаннан кейін, өзім тексеріп, олқы кеткен тұстарын  өңдеймін. Жүннен жасалған кез келген  бұйымды, аяқ киім, сырт киім болсын өз тәжірибеме сүйеніп өңдеп, өзгертіп, жарамды дүние шығара аламын. Жалпы   мұндай іспен  айналысып келе жатқаныма 10 жылдың шамасы болды, - деді Анар Қошаева.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер