«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қарабұлақта бірегей өндіріс қалыптасуда: KazTrailer жобасы отандық машина жасауды жаңа деңгейге көтермек

2026 жылғы 29 Қаңтар
- Түркістан облысы
116 просмотров

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры іс сапармен Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылдық округінде орналасқан Kuzov Karabulak өндіріс орнының жұмысымен танысты. Сапар барысында қолданыстағы өндіріс пен KazTrailer жаңа инвестициялық жобасының іске асу барысы талқыланды.

2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Kuzov Karabulak серіктестігі жүк көліктеріне арналған тіркемелерді құрастырумен айналысып, бүгінде отандық нарықта ғана емес, шетелдік тапсырыс берушілер арасында да сұранысқа ие.

Аталған кәсіпорын бастамашы болып отырған KazTrailer жобасының құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Жоба 2023–2026 жылдар аралығында іске асырылады. Сала – машина құрастыру, жобалық қуаты – жылына 500 данаға дейін. Өнім түрлері – жүк тіркемелері мен қар тазалайтын арнайы техника. Жоба толық іске қосылғанда 150 жаңа жұмыс орны ашылады.

Қазіргі таңда жоба 4 гектар аумақта жүзеге асырылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, шатыр жұмыстары толық аяқталған. Құрал-жабдықтарды жеткізу және монтаждау жұмыстары қатар атқарылуда. Жобаның ЖСҚ әзірленіп, сараптамадан оң қорытынды алынған.

Маңызды жетістік – көлік құралдарына VIN-код алу мәселесі шешілді. Бұл бағытта Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы тікелей қолдау көрсетіп, облыс әкімінің тапсырмасымен VIN-код берілді. Нәтижесінде кәсіпорын ешкімде жоқ, бірегей VIN-кодқа ие болды. Сонымен қатар, KZ-E-KZ 0317.00406.N1 көлік құралдарының түрін мақұлдау куәлігі алынып, жоба бастамашысы отандық өндіруші ретінде ресми тіркелді. Құрастырылған техникаларға электрондық төлқұжаттар рәсімделіп, АвтоХҚКО арқылы тіркеу жұмыстары жүргізілді.

«VIN-код алу – машина жасау саласындағы ең күрделі әрі шешуші кезеңдердің бірі. Бұл мәселенің оң шешілуіне Палата мен облыс әкімінің тікелей қолдауы үлкен ықпал етті. Бүгінде кәсіпорын толыққанды отандық өндіруші ретінде жұмыс істеуге дайын», – деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры.

Қазіргі уақытта зауыттан шығарылатын арнайы техниканы қаржылық лизинг арқылы ұсыну бойынша құжаттар топтамасы дайындалуда.

Сонымен қатар, жоба аясында бірқатар инфрақұрылымдық мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, электр қуатына қосылу бойынша Арыс ауылдық округі тарапынан техникалық шарт берілгенімен, қосылу нүктесінің қашықтығы 15 шақырымды құрайды. Осыған байланысты кәсіпорын Көлкент ауылдық округіндегі «Көлкент» қосалқы станциясына (4 км) қосылу мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр. Электр желісін тарту жұмыстары кәсіпорынның өз қаражаты есебінен жүргізілмек.

Айта кетейік, Кентау қаласындағы экскаватор зауытын игеру бағыты бойынша да жұмыс жүргізілуде. Палата директоры бұл жобаға қызығушылық танытқан екі инвесторды өндіріс орнына алып келіп, жағдаймен таныстырды.

KazTrailer жобасының іске асуы Қарабұлақ ауылын өңірдегі бірегей машина жасау орталығына айналдыруға мүмкіндік бермек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174