МАҢҒЫСТАУЛЫҚ МЕЙРАМХАНА ИЕЛЕРІНЕ БИЗНЕСТІҢ БАСҚА САЛАСЫНА АУЫСУҒА КЕҢЕС БЕРІЛДІ
Маңғыстаулық мейрамхана, тойхана кәсібімен айналысатын іскерлер шұғыл түрде бизнестің басқа саласына ауысуы қажет. Эпидемиолог мамандар мен қоғамдық тамақтану қауымдастығы басшылығы осындай кеңес берді. Оған мейрамхана иелері не дейді?
Маңғыстауда карантин жарияланғаннан бері зәулім мейрамханалар мен тойхана бизнесі түбегейлі жабық тұр. Ең қиыны олар алдағы 2-3 жылда ашылмауы мүмкін дегенді айтады. Сондықтан да уақыт өткізбей бизнесті басқа салаға қарай бағыттауды ұсынады.
"Еліміздің және облыстың бас санитар дәрігерлері қаулыларын өзгерткенімен, карантин талаптарын жеңілдетіп, мейрамханаларды ашқанымен жағдай өзгермейді. Өйткені шектеу шаралары түбегейлі алынып тасталмайды. Соны ескеріп, той бизнесінен бас тартатын уақыт жетті. Басқа салаға бейімдеу қажет",- дейді Ақтау қаласының бас санитар дәрігері Әсима Жарылғасова.
Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасында бір топ рестораторлармен кездесуде іскерлер саланы ауыстыру оңай шаруа еместігін алға тартты. 7 жыл мейрамхана кәсібін жүргізгін Гүлзира Мұраталиева 2-деңгейлі банкке 110 млн тг несиесін төлей алмай, тығырыққа тірелгенін айтты.
"Мұнайлыдан ашсам кім барады? Балалар үйірмесіне өзгерт дейді. Өзім ақша таба алмай жүргенде. Оған көп ақша керек. 2 млн 500 мың айына төлейтін кредитім соны төлей алмай отырмын. Бір жылдық төлем, 9 млн тг надбавка қосты. Айына 6 млн тг төле дейді. Сол үшін Маңғыстау кәсміпкерлер палатасынан көмек сұрап келдім",- дейді ол.
Осындай түйіткілді мәселенің шешімін табуға кеңес беру үшін ҚР қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі қазіргі уақытта «Қызыл аймақта» орналасқан өңірлердің әрекет алгоритмі туралы бизнес жүргізу тәжірибесімен бөлісті.
Вероника Нұрпейісова ҚР қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі, мейрамханалық талдаушы:
2-3 жыл үлкен той жасайтын мейрамханаларға рұқсат жоқ. Бизнес тоқырамас үшін тамақты жеткізу қызметіне, балалар дәмханасы, ойын алаңы, батут сынды кәсіп түрлеріне ауысуға кеңес береміз. Жағдайды дұрыс пайымдап, кризистен шығу жолдарын тапқан дұрыс.
Маңғыстау облысында шамамен 160 мейрамхана, 200-дей дәмхана, 54 бар, 27 асхана тіркелген. Енді оларға кәсібін оңтайландыру қажет.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: