«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өңір бизнесімен диалог: Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының кәсіпкерлері Бизнес-омбудсменмен кездесті

2025 жылғы 05 Қараша
- Абай облысы
232 просмотров

Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының кәсіпкерлері Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қ.И. Нұровпен кездесті. Іс-шараға мемлекеттік органдар мен өңірлік бизнес-қоғамдастық өкілдері, соның ішінде облыстық және қалалық прокуратуралар, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қаржы мониторингі агенттігінің экономикалық тергеу департаменті, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен сот жүйесінің өкілдері және Өңірлік Кәсіпкерлер палаталары қатысты.

Кездесудің мақсаты – кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылымдар арасында ашық диалог орнатып, бизнестің өзекті мәселелерін талқылау.

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Е.Ә. Садыр өңір экономикасының дамуы мен кәсіпкерлікті қолдау бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

 

Бүгінгі кездесуіміз өңірдің экономикалық дамуына, кәсіпкерлік саласын одан әрі өркендетуге бағытталған маңызды диалог алаңы болып табылады. Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдауды еліміздің тұрақты дамуының негізгі басымдығы ретінде атап өткен болатын. Бұл бағытта өңірдегі бизнестің дамуы үшін қолайлы жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді азайту, инвестициялық тартымдылықты арттыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда, – деді Е.Ә. Садыр.

 

Сондай-ақ жиында сөз алған Қанат Нұров өңірлік кездесулердің бизнестің нақты мәселелерін шешуде маңызды рөл атқаратынын айтты. Оның айтуынша, кәсіпкерлермен осындай тікелей байланыс орнату – өңір мен орталық арасындағы өзара түсіністі арттырып, шешім қабылдау сапасын жақсартады.

 

Менің сапарларымның түпкі мақсаты – кәсіпкерлердің өз аузынан, тікелей жергілікті жерде қандай мәселелер бар екенін білу. Кейбір сұрақтар облыс деңгейінде шешіледі, ал республикалық деңгейде қарауды қажет ететіндері менің жеке бақылауымда болады. Барлық көтерілген ұсыныстар бойынша нақты шешім қабылдануына күш саламыз, – деді ол.

 

Кездесу барысында өңір кәсіпкерлері бизнес жүргізу кезінде туындайтын бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, жер және құрылыс қатынастары, экологиялық талаптар, әлеуметтік қызмет көрсету, несие серіктестіктерінің қызметі, мектеп тамағын ұйымдастыру және әкімшілік рәсімдерге қатысты сұрақтар қаралды. Тиісті мемлекеттік органдар мен уәкілетті құрылымдардың өкілдері әр бағыт бойынша түсініктемелер беріп, шешу жолдарын ұсынды.

Кәсіпкерлер билік пен бизнес арасындағы өзара сенім мен ашықтықты арттырудың маңызын атап өтіп, бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174