«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

МАҢҒЫСТАУЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ БИЗНЕСІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ҚАЖЕТ

2020 жылғы 24 Қыркүйек
- Маңғыстау облысы
2681 просмотров

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың Өңірлік кеңестердің жаңа мүшелерімен кездесулерінде көптеген мәселелер көтерілді.

Оған Қазақстанның түпкір-түпкірінен 463 кәсіпкер қатысты. Мәселелер ауқымы кең болды, осы ретте келесі тақырыптар: пандемиядан кейін бизнесті қолдау және қалпына келтіру шаралары, АӨК саласы, жер қойнауын пайдаланушылар және «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алуларына қатысты мәселелер, жергілікті қамтуды дамыту, утилизациялық алым мәселелері, салық салу және меншікті нарықты қорғау бойынша мәселелер жиірек көтерілді.

«Өңірлермен кездесулер өткізу жиілігі кәсіпкерлер – сіздермен «кері байланыс» орнатудың маңыздылығын көрсетті. Өңірлік бизнеспен ағымдағы жылда алғашқы кездесу нәтижесі бойынша мәселелер жиыны Премьер-Министр деңгейінде қаралды. Соның нәтижесінде 84 түйткілді мәселе ішінде 41 мәселе шешімін тапты, қалғаны мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және жергілікті атқарушы органдардың бірлесуімен шешілу деңгейінде. Бизнес өкілдерімен онлайн-кездесулер форматы тұрақты өткізілетін болады», – деді Тимур Құлыбаев.

Қазақстанның түрлі өңірінен кәсіпкерлер  бизнесті қалпына келтіруге кедергі келтіретін мәселелерді айтты.

Маңғыстау облысы Өңірлік кеңесінің төрағасы Еділ Жаңбыршин сөз алып, облыста 2019 жылы 52 577 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар.  Карантин кезінде 300-дей кәсіпорын қысқарып, 3 мыңдай адам жұмыссыз қалғанын тілге тиек етті. Сонан соң өңірде құрылыстың қарқын алып, демографияның өсуі, жаңа бизнес нысандарының ашылуынан ауыз су тапшылығы туындағанын айтты.

         «Маңғыстау облысында негізгі проблема- ауыз су. Облыста тәулігіне 131 мың текше метр ауыз су тұтынады. Тәулігіне тағы 40 мың текше метр жетпейді. Біздің ұсынысымыз- Маңғыстау облысын 2024 жылға дейін ауыз сумен қамтуға арналған кешенді мемлекеттік даму бағдарламасы жасақталуы керек. Ол үшін өңірдегі ауыз су қорын зерттеу қажет. Бізде ірі үш  су кен орны бар. Олар-Төңірекшің, Ақсу-Бозащы және Құйылыс. Осыларда су қорын молайту жұмыстарын қолға алу, «МАЭК-Қазатомпром» кәсіпорнының, «Каспий» су тұщыту зауытының ісін жолға қою, Кендірлі мен Бейнеу ауданында су тұщыту зауыттарын салу қажет»,- деді Еділ Терекбайұлы.  

Ал, алматылық кәсіпкерлер бизнестің жекелеген түрлері әлі жұмыс бастамағанын, олар ТЖ және карантин кезеңінде экономиканың зардап шеккен салалары (мектептегі асханалар, боулинг, бильярд, караоке, компьютер клубтары және басқалар) қатарында еместігін айтты.

«Банкет өткізу қызметін ауқымды дамыту мәселесі бойынша қоғам пікірі екіге бөлінгенін білеміз. Алайда осы салада жұмыс  істейтін кәсіпкерлер қаржылық қиындыққа тап болды. Ұжымдар, несиелер бойынша міндеттемелер бар. Міне алты ай болды өз бағытың бойынша жұмыс істеуге болмайды, ал қызмет түрін өзгерту үшін қосымша несиені енді бермейді. Мүлікке арест қойғанын, сатуға шығарғанын күту ғана қалды. Кәсіпкерлердің осы санатына көрсетілген дағдарысқа қарсы шаралар  аздық етеді», – деп атап өтті «Қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының қауымдастығы» ЗТБ жетекшісі Ляна Тұрсынова.

«Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері карантин кезінде анағұрлым зардап шеккен салалардағы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қолға алынатын қосымша шаралар жоспарын әзірлеу мен толықтыруға қатысып жатыр. Бұл жоспарға шағын және орта бизнес субъектілері үшін салық пен әлеуметтік төлемдерді биыл жыл соңына дейін кейін шегеру, шағын және орта кәсіпкерлердің төлем мерзімі кейінге шегерілген несиесіне осы уақыт аралығында өсімпұл салмау, шағын және орта бизнес субъектілерін 2020 жылдың соңына дейін мемлекеттік және квазимемлекеттік нысандарды жалға алу ақысынан босату енген.

Карантин кезінде қызметі шектелген кәсіпорындардың коммуналдық қызмет ақысын төлеу мәселесі экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында талқыға салынбақ. Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП сарапшылары ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жария еткен пайыздық мөлшерлемені субсидиялау шарттарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының құрамында бар.

«4 мамыр күні өңірлердегі бизнес өкілдерімен өткен кездесу барысында көтерілген 84 мәселенің 41-і шешімін тауып, қалғандарын жергілікті атқарушы билік, меморгандар және ұлттық компаниялармен бірлесе отырып, қарастырып жатырмыз. Бүгінгі күні бизнес өкілдері айтып өткен өзекті мәселелер де дәл осылай шешімін табады. Сіздердің ұсыныстарыңыздың бірқатары карантиннен неғұрлым зардап шеккен салалардағы кәсіпкерлерді қосымша  қолдау жоспарына енгізіледі, бір бөлігін алдағы уақытта жан-жақты талдай отырып, жоспарға кіргіземіз», –  деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер