Жер мәселесі – басты назарда
Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысы өтті. Тақырып "Жергілікті атқарушы органдармен кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелерін табыстау кезінде орын алған заңбұзушылықтар және олардың алдын-алу мәселелері" турасында болды
Маңғыстау облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтарып алу туралы 254 талап арызды сотқа жолдаған.
Нақтылап айтар болсақ, ауылшарушылық мақсатындағы жерлерді конкурс арқылы табыстау кезінде, жергілікті атқарушы органдар конкурстың болатыны туралы ақпаратты газет басылымында жариялап, әкімшіліктің интернет-ресурсында жарияламады деген негізбен Маңғыстау ауданы бойынша 38, Мұнайлы ауданы бойынша 12 жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы талап қойды.
Алайда соттың шешімдерімен барлық жер телімдері кәсіпкерлердің иелігінде қалды.
«Жаңаөзен қаласы бойынша 2016 жылы кәсіпкерлік мақсатта, ҚР Жер кодексінің 48-бабының нормаларын сақтамай, яғни аукционсыз 42 жер учаскесі берілгені анықталған. Бұл жер учаскелерінің басым көпшілігі игеріліп, тұлғалар өз кәсіптерін ашып, салықтарын уақытылы төлеп, тұрғындарды жұмыспен қамтып отырғаны анықталды. Кәсіпкерлер палатасының араласу нәтижесінде бүгінгі таңда дау сотқа жетпей өз шешімін тапты. Осылайша, Кәсіпкерлер палатасының тікелей араласуымен Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы, Маңғыстау аудандарының жер даулары кәсіпкерлердің пайдасына шешілді»,-дейді ӨКП маманы Бақытжан Кабаев.
Маңғыстау облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасымен Түпқараған ауданы бойынша 204 талап арызды сотқа жолданған және бүгінгі күні олардың 186-ы қанағаттандырылып, жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылданған, 13-і қанағаттандырусыз кәсіпкерлердің пайдасына шешілген, ал қалған 5-і сот өндірісінде.
Мемлекет меншігіне қайтарылған жер телімдерінің ішінде толық игеріліп, іске қосылған және игерілу сатысындағы жерлер бар. Осы орайда көңіл аударатын мәселе, ҚР Жер кодексінің 166-бабы бойынша мемлекеттiк билiк органының заңсыз акт қабылдауы, сондай-ақ, осы органдардың лауазымды тұлғаларының iс-әрекеттерi (әрекетсiздiгі) салдарынан меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген шығын мемлекет қаражатынан өтелуі тиіс делінген. Кәсіпкерлердің жер учаскелерін игеру шығындары түріндегі қаражатты бюджеттен өндіріп алуы, жергілікті атқарушы органдарға оңай тимейтіні анық.
«Ескере кететін жайт, анықталған заңбұзушылықтар тек қана жергілікті атқарушы органдардың тарапынан орын алған. Ал кәсіпкерлер ешқандай заңбұзушылыққа жол бермеген. Демек жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларының жұмыстарына салғырт қарауының нәтижесінде, келеңсіз жағдайлар орын алып, кәсіпкерлер әуре-сарсаңға түсіп, материалдық және моральдық шығынға душар болып отыр»,-деп ой тастады Кеңес төрағасы Шымбай Сұлтанов.
Осы мәселелер бойынша Кеңес мүшелері өз ұсыныстарын берді. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақтық департамент басшысының бірінші орынбасары Серік Қаныбековтың айтуынша, жергілікті әкімдіктердің интернет ресурстарында жер туралы ақпарат ортақ хабарландыру бөлігінде жоқ. Оны тек «Инфраструктура» бөлігі, әрі қарай «Жер» туралы тармақшасы, ең соңында соның ішіндегі хабарландыруға орнатылады.
«Бұл ақпаратты қасақана жасыру сияқты боп көрінеді. Онымен айналысатын мамандардан басқа қарапайым халық таба алмайды. Ақпаратты тығу кімге қажет? БАҚ-қа хабарландыру бергенде де ешкім оқымайтын газеттерге емес, жергілікті басылымға, сосын «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттеріне шығару керек. Біздегі жер телімдерін алғысы келетін басқа облыс тұрғындары да бар. Инвестиция осылайша тартылады. Келесі жылдан бастап елімізде геокарта жасалады. Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарынан тәжірибе алу керек. Жемқорлыққа жол бермеу жолы осы болғалы тұр»,- деді ол.
Ал, ӨКП директоры Нұрбек Қарасаев: «Кәсіпкерлер палатасына жер мәселесі бойынша хабарласатында көп. Арызданушылардың 30% жер туралы болып келеді. Ақпаратты дұрыс жарияламауды болашақта болдырмау жолдарын табуымыз керек. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің жер телімдерін бас жоспарға қостыру мәселесін де шешуіміз қажет»,- деп түйіндеді.
Кеңеске қатысушылар облыс басшысының қатысуымен өтетін басқосуда интернет ресурстарда хабарландыруды орналастыру сатыларын жария көрсету және геокартаны пайдалану тәртібін талқылайтын болып келісті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: