«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ең бастысы – кәсіпкерлердің жұмысына араласпау

2016 жылғы 25 Наурыз
- Маңғыстау облысы
15804 просмотров

ӨКП және Әділет департаменті кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп отырған жүйелі проблемалар мен әкімшілік кедергілерді бірлескен түрде анықтамақ

Бұл туралы тараптар кәсіпкелер палатасында өткен дөңгелек үстелде келісті. Аталмыш шараға мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдар қатысқан болатын. Басқосудың нәтижесінде Палата мен әділет органдары арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.  

ӨКП директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Әсет Мановтың айтуынша, тараптардың мұндай келісімге келуі ең алдымен бизнестің дамуына мүмкіндік бермек, себебі екі тарап әкімшілік кедергілерді жоюға бірлескен түрде күш жұмсамақ.

«Меморандум аясында бұдан былай біздің алдағы іс-қимылымыз бірлескен және келісілген түрде жүзеге асырылатын болады. Ең бастысы ақпарат алмасу арқылы тығыз байланыс орнатамыз және де конструктивті, ашық, бірлескен жұмысқа кәсіпкерлердің өздерін де шақырамыз», – деді ол.

Алдағы уақытта тараптар кәсіпкерлердің заңды мүдделерін білдіру және құқықтарын қорғау мақсатында бірлескен жоспар бекітпек. Сондай-ақ бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған жүйелі проблемалар мен кедергілерді анықтау үшін бірлескен жұмыстарды қолға алмақ. 

Сонымен қатар тұрақты түрде бірлескен кездесулер, мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер және семинар-тренингтер өткізіліп тұрады, оған бизнес-құрылымдар мен кәсіпкерлердің өздерін қатыстыру да назардан тыс қалмайды.   

Ал Маңғыстау облысы Әділет департаменті жетекшісінің орынбасары Бекболат Колумбаевтың айтуынша, кәсіпкерлер тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілмеуін алдын-алу мақсатында бизнесмендер арасында да түсіндіру жұмыстары қолға алынатын болады.

«Ең алдымен біздер бар күшімізді құқықбұзушылықтың алдын-алуға жұмсауымыз қажет. Рас, бізде бизнестің дамуына мүмкіндік бермей отырған әкімшілік кедергілер жетіп артылады. Бұл ретте кәсіпкерлердің ұсыныстары мен пікірлері маңызды. Сол себепті кәсіпкерлер де шетте қалмаса екен дейміз және осындай жұмыстарға белсенді араласқаны дұрыс болар еді. Алда бірлескен бағдарламалар құруды көздейміз, қажет болса жұмыс тобын да жасақтаймыз. Ең бастысы – кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз араласуды болдырмау», – деп өз сөзін қорытындылады Әділет департаменті басшысының орынбасары.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер