«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлердің құқықтары бұзылуда: Астанада жарнамалық тақтайшалардың заңсыз алыну фактілері талқыланды

2025 жылғы 25 Шілде
- Астана қаласы
832 просмотров

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің отырысы өтті. Жиында елордалық кәсіпкерлерді алаңдатқан маңызды мәселе - жергілікті атқарушы органдар тарапынан жарнамалық тақтайшалар мен конструкциялардың заң талаптарын бұза отырып алынуы қаралды.

Жыл басынан бері Палатаға КММ «Астана-Жарнама» әрекеттеріне қатысты көптеген өтініштер келіп түскен. Кәсіпкерлер негізсіз демонтажға, сондай-ақ ұсынылған эскиздердің келісілмей кері қайтарылуына шағымдануда. Бизнес-қауымдастық заңнама нормаларының өрескел бұзылуы, құқықтарының шектелуі және келтірілген материалдық залал жөнінде мәлімдеп отыр.

Мысалы, 11 шілде күні 1995 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Dega Optical» оптика дүкені маңында орын алған жағдай - соның айқын көрінісі. Кәсіпкердің айтуынша, акимат өкілдері арнайы техникамен келіп, көзілдірік пішініндегі декоративті элементті фото және бейнежазбаға түсіріп, демонтаж жүргізілетінін хабарлаған. Алайда, ешқандай ресми ескерту, нұсқама немесе заңды негіздер ұсынылмаған. Бұған дейін, 2024 жылы, бұл маңдайшаға қатысты ескертулер болған, олар кәсіпкер тарапынан жедел түрде жойылған.

Ұқсас жағдайға «Mega Optics Astana» ЖШС өкілі Динара Дюсекенова да тап болды. Оның айтуынша, дүкендерінің маңдайшалары жыл сайын алынып тасталады, ал компания эскиздерді КММ «Астана-Жарнама» арқылы бірнеше рет келісуге тырысқан. Алайда мекеме дизайн-кодқа сәйкес келмейді деген уәжбен келісуден үнемі бас тартады. Кәсіпкердің айтуынша, аталған дизайн-код заңда белгіленген тәртіппен бекітілмеген. Осыған байланысты ол демонтаж жұмыстарын ресми бекітілген құжат қабылданғанға дейін тоқтатуды сұрайды, себебі мұндай әрекеттер айтарлықтай шығын келтіріп, кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіруде.

«Сатушыларға ауызша бірдеңе айтылған шығар, бірақ басшы ретінде маған ешкім ресми түрде хабарлама бермеді. Қолыма ешқандай ескерту тиген жоқ. Жылына бір рет 600-700 мың теңгеге маңдайша жасатасың, бар күш-жігеріңді саласың, ал бір күні келіп, жай ғана алып кетеді», - деді ол.

Шағымын жеткізгендердің бірі - «Capital Education LLP» ЖШС басшысы. 4 маусым күні КММ «Астана-Жарнама» қызметкерлері ешбір алдын ала ескерту жасамастан компания кеңсесі орналасқан ғимараттың қасбетінде орнатылған электронды жүгіртпе жолақты алып тастаған. Кәсіпкерлер мұндай әрекеттер Кәсіпкерлік кодекстің талаптарына және елорданың сәулеттік келбетін қалыптастыру жөніндегі бекітілген Жол картасының ережелеріне қайшы екенін алға тартуда.

Айта кету керек, КММ «Астана-Жарнама» өкілдері сілтеме жасап отырған дизайн-код бұрын Астана қалалық мәслихатының шешімімен күшін жойған. Қазіргі уақытта осы саладағы рәсімдерді нақты реттейтін және уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілген Жол картасы қолданыста.

«Құжатта нақты тәртіп жазылған: алдын ала ескерту жасау, ресми нұсқама табыстау және оны орындау үшін нақты мерзім белгілеу. Ал демонтаж тек сот шешімі негізінде жүзеге асырылуы тиіс», – деді Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлжайна Пернебай. 

Өз кезегінде КММ «Астана-Жарнама» директорының орынбасары Дулат Ермекбай мекеме қызметкерлері ғимараттарды аралап, маңдайшаларды орналастыру тұжырымдамасын ОСИ және КСК-мен келісетінін, содан кейін материалдарды кәсіпкерлерге танысу үшін жолдайтынын айтты. Алайда бизнес өкілдері бұл процестің ашық еместігін, ал ескерту мен хабарламалардың ресми түрде тіркелмейтінін айтып отыр.

Кеңес қорытындысы бойынша Астана қаласының прокуратурасына айтылған фактілер бойынша кешенді тексеру жүргізу ұсынылды. Егер заң бұзушылықтар анықталса, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдау ұсынылды.

Сондай-ақ акимат өкілдеріне қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыру жұмыстарын қолданыстағы заңнама мен Жол картасында көзделген рәсімдерге толық сәйкестікте жүзеге асыру ұсынылды.
 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер