«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ҰКП-да қазақстандық бизнеске жаңа Салық кодексі таныстырылды

2025 жылғы 18 Шілде
455 просмотров

Мемлекет басшысы ҚР Салық кодексіне қол қойғаннан кейін бизнес қауымдастығы осы іргелі құжаттың негізгі ережелерімен алғашқылардың бірі болып танысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне қол қойды. Онда басқа да негізгі заңнамалық актілерге, соның ішінде Бюджет, Кәсіпкерлік, Экологиялық кодекстерге және т.б. кейбір өзгерістер енгізіледі.

«Атамекен» ҰКП алаңында қабылданған құжатты көпшілікке алғаш түсіндіру жұмыстары өтті. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Төралқа төрағасы Райымбек Баталов кәсіпкерлерді жаңартылған тәсілдер мен стандарттармен таныстырды.

Таныстырылымға Қазақстанның барлық аймақтарынан кәсіпкерлер мен салалық бірлестіктердің өкілдері жеке және онлайн түрде қатысты. Олардың сұрақтарына тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері жауап берді.

Негізгі шараларға салықтар мен есептілік санын қысқарту, қызмет көрсету үлгісіне көшу, ҚҚС реформасы, «байлық салығын» енгізу және бизнестің жасанды бөлшектенуімен күресу жатады. Пайданы қайта инвестициялауды ынталандыру, жаңғырту бойынша корпоративтік табыс салығын азайту және арнаулы салық режимдерін қайта қарау да қарастырылған.

 «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов жаңа Салық кодексі бойынша екі жылдық бизнес жұмысының қорытындысына тоқталды. Ол кәсіпкерлердің даму үдерісіне белсенді қатысуының арқасында құжатқа бизнеске қатысты іргелі шешімдердің көпшілігін енгізе алғанын баса айтты.

«Түпкілікті кодекске ұсыныстардың едәуір бөлігі бизнестен түсті. Бұл біздің барлық деңгейдегі – сарапшылық платформалардан бастап Парламент пен Үкіметке дейінгі үздіксіз жұмысымыздың нәтижесі», - деді Баталов.

Оның айтуынша, талқылаулар барысында бизнес жеңілдіктерді, шарттарды сақтап, теңгерімді мөлшерлемелерге қол жеткізіп, кәсіпкерлерге шамадан тыс салмақ түсіретін реттеулердің алдын алды. Сонымен бірге, Райымбек Баталов қол қойылған Кодексте әзірлеу кезінде «Атамекен» даулаған нормалар сақталғанын айтты. Ол ең алдымен ақылы медициналық қызметтерге ҚҚС енгізу, бөлшек сауда салығы аясында B2B операцияларына шектеулер, сондай-ақ АСР-да қолдануға болмайтын кәсіпкерлік түрлеріне тоқталды.

«Ұлттық палата осы мәселелерге әуел бастан-ақ назар аударды. Енді Кодекс қабылданған соң, бұл мәселелер бойынша жұмысымыз бітпейді. Біз бизнес өкілдерінен орынды ұсыныстарды жинап, оларды сараптап, тиісті органдарға түзетулер енгізуді жалғастырамыз. Басты мақсат сол қалпында - салық жүйесін түсінікті, тұрақты және әділ ету», - деп түйіндеді сөзін «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы.

Кейбір салалық қауымдастықтардың пікірінше, бизнес үшін әкімшілік және салық жүктемелерінің ықтимал артуына байланысты тәуекелдер әлі де сақталуда. Сарапшылар назарды алдағы заңға тәуелді актілерге аудару керек деп санайды. Заңға тәуелді актілерді әзірлеуге және кейіннен олардың қолданылуын бақылауға бизнес-қоғамдастықтың белсенді қатысуы маңызды. Сонымен қатар, ережелердің өзі анық болуы керек және кәсіпкерлер үшін жаңа кедергілер тудырмауы тиіс.

Сонымен қатар, бизнесті жаңа жағдайларға бейімдеуге және кәсіпкерлерден кері байланыс алуға көмектесу үшін Үкімет пен «Атамекен» ҰКП ағымдағы жылдың басында жобаны талқылау кезеңінде болғандай, алаңнан тыс түсіндіру кездесулерін өткізуге келісті. Бұған қоса, Қаржы министрлігі Ұлттық палатамен бірлесіп, өзекті сұрақтарға жауап беретін арнайы жадынама әзірлеуде.

Отырысты қорытындылай келе, ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов жаңа Салық кодексі аясында бизнестің қолайлы және тұрақты жұмыс істеуі үшін үнемі кері байланыс орнату маңызды екенін атап өтті. Жүйелік қиындықтар анықталса, бизнес қауымдастығы жан-жақты талдау жүргізіп, Үкіметке нақты шешімдер ұсынуға дайын.

Айта кетейік, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы салалық қауымдастықтардың (одақтардың), кәсіпкерлердің және салық кеңесшілерінің өкілдерінен жұмыс тобын 2022 жылдың аяғында құрған болатын. Кәсіпкерлердің кең ауқымын қамту үшін ҰКП экономиканың негізгі секторлары үшін қосымша шағын топтар құрған.

2023 жылы бизнес қауымдастығы Үкіметке Салық кодексіне өзгерістер енгізу тұжырымдамасын ұсынды. Салық рәсімдерін жеңілдетуге, әкімшілік жүктемені азайтуға және ШОБ дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар негізгі өзгерістерге ерекше назар аударылды.

Былтыр бизнес қауымдастығы Кодекс жобасымен бірінші болып танысқан болатын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер