«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Маңғыстаулық кәсіпкерлер дәрілерді таңбалауға неге қарсы?

2024 жылғы 17 Маусым
- Маңғыстау облысы
5635 просмотров

Маңғыстау облыстық Атамекен кәсіпкерлер палатасында «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының орындалу шеңберінде дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалауға қатысты жиын өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Жиынға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Есбергенова, кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев, дәріхана мен жеке медициналық ұйымдардың өкілдері және мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Тараптар дәрілік заттарды таңбалау процесіне байланысты туындаған мәселелерді талқылады.

Маңғыстау облысы медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті басшысы Нұрсұлу Мухамбетярова өңірде дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалауды енгізу бойынша дайындығын баяндады.

- Кәсіпкерлер «есеп жүйесін орнатуға қыруар қаржы жұмсаймыз, 2D сканердің бағасы қымбат» деп наразылық білдіріп отыр. 2D сканер құрылғысының бағасы 9 мың теңгеден 90 мың теңгеге дейін. Әр кәсіпкер өз шамасына қарай алады. Бір ғана дәріханасы бар кәсіпкерлерге таңбалау оңтайландырылды. Яғни, смартфонды дербес компьютерге байланыстыру арқылы тауарды енгізе алады, - деді Нұрсұлу Мухамбетярова.

Сондай-ақ ол еліміздің 47 пайыз кәсіпкері ҚР аумағында сертификациядан өтпеген дәрілерді ашық саудалап отырғанын айтады. Ал таңбалау мұндай көлеңкелі бизнеске тосқауыл болады деп отыр.

- Бізге қазір Қытайдан, Ресейден, Ираннан, Түркиядан өте көп дәрі келіп жатыр. Оның ешқайсысының сертификаты жоқ. Кәсіпкерлер шетелден сатып алып, дәріханаларда саудаға шығарып отыр. Егер дәрінің мұқабасында қазақша бір де бір жазу болмаса, бұл – контрафакт. Яғни, ҚР аумағында тіркелмген. Оның шектеу бағасын еш жерден тексере алмайсыз. Сондықтан дәріханаларда қандай медикаменттер сатылып жатқанын біліп отыру маңызды. Мұндай сауда ашық болу керек, - деп жалғастырды Нұрсұлу Мухамбетярова.

Айта кетейік, өңірде дәрілік заттар сатуға лицензия алған 526 кәсіпкерлік ұйым бар. Бірақ, 322 дәріхана жұмыс істеп тұр.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев кәсіпкерлерге артық әрекетсіз түсіндіру жүргізудің маңызды екенін айтты.

- Кіріс департаменті кәсіпкерлерді таңбалауды істемеген жағдайда қандай шара қолданылатыны туралы қорқытпай түсіндіру керек. Барлығы заң аясында жүзеге асу қажет. Бұл – ең әуелі өзіміздің өміріміз үшін маңызды. Шығу тегі белгісіз дәрі сатып алған адамның ауруы одан сайын асқынуы мүмкін. Сондықтан дәрілік тауарды таңбалау фармацевтикалық қауіпсіздік үшін керек, - деді Рашит Тұранұлы.

Жиын барысында Ақтау қаласындағы 87 дәріхана иесінің таңбалауға қарсы екені айтылды. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Есбергенова кәсіпкерлерді жауапкершіліктен қашпауға шақырды.

- Егер дұрыс әрі ашық жұмыс істегіңіз келсе таңбалауға селқос қарамауыңызды сұраймын. Бұл – дәрі бағасына әсер ететіні сөзсіз. Халықтың денсаулығы үшін әр дәрілік затты таңбалау маңызды болып отыр. Заңның толық қолданыса енуіне екі жұма уақыт қалды. Әлі де мойынсынбай жатқан кәсіпкерлермен профилактикалық әңгіме жүргізіледі, - Звира Түгелқызы.

Айта кетейік, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ аумағында тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімді ратификациялады. 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық дәрілік зат міндетті түрде таңбалануы керек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер