«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақмолалық кәсіпкерлер шығындарын өтеу үшін құжат тапсырып жатыр

2024 жылғы 15 Мамыр
- Ақмола облысы
2725 просмотров

Ақмола облысына «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков пен Ұлттық экономика министрлігі департаментінің директоры Нұрбол Жаңабеков арнайы жұмыс сапарымен барды. Олар облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әмренова басшылық ететін су тасқынынан зардап шеккен бизнес субъектілеріне келтірілген залалды өтеу жөніндегі өңірлік комиссия мүшелерімен кездесті.

А. Әмренованың сөзінше, су тасқынынан облыс аумағындағы 49 бизнес субъектісі зардап шеккен. Оның 15-і АШК саласына кіреді. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі 1 миллиард теңгеден асып жығылады.

Айта кетейік, «Атамекен» ҰКП Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп су тасқыны салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлердің мүлкіне келтірілген залалды өтеу механизмін әзірлеген болатын.

«Біздің мұнда келудегі басты мақсатымыз – кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын тыңдап, оны тиісті деңгейде шешу. Өкінішке қарай, елімізде орын алған су тасқынынан 1100-ге жуық кәсіпкер зардап шекті. Оның тең жартысы фермерлер. Біз бұған дейін Ақтөбе, Атырау, БҚО, СҚО облыстарын аралап, ондағы бизнесмендермен кездестік. Қордаланған мәселелер баршылық. Әсіресе ауыл шаруашылығындағы субъектілер көмекке зәру. Бұл жөнінде жауапты министрлік шаруаларға көмектесу механизмін әзірлеуді бастап кетті», - деді Тимур Нақыпбеков.

«Біз жергілікті әкімдіктерден кәсіпкерлердің шығынын өтеу үшін тапсыратын құжаттарын жылдамдатуды сұрап отырмыз. Қаражат аудару процесіне де тиісті уақыт керек екенін білесіздер. Сол себептен де нақты шығын сомасын ертерек әзірлеу керек. Басқа да ұсыныстарыңыз бен сұрақтарыңыз болса ҰЭМ өздеріңізбен бірлесе талқылауға дайын», - деп айтты кездесуде Н. Жаңабеков.

Жиында түрлі сұрақтар көтерілді. Мәселен, Астрахань ауданының әкімі Талғат Ерсейітов «зардап шеккен кәсіпкерлерге демеушілер есебінен жәрдемдесуге болады ма?» деген қисынды сұрақ қойды. Нұрбол Жаңабеков мәселені өз бетінше шешуге тыйым салынбағандығын жеткізді.

«Аймақтық комиссия банк шоттарына аударылған өтемақы сомасын мақұлдаса, салық органдары бұл соманы айналым ретінде қарастыра ма?», - деп сұрады Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шукатова.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Азамат Бектұров қолданыстағы ережелерге сәйкес өтемақыға салық салынбайтынын, дегенмен бұл мәселені әлі де анықтау керектігін жеткізді.

Жиында бағалау мен техникалық тексеру жұмыстарына қаражат төлеу мәселесі де қозғалды. Нұрбол  Жаңабековтың айтуынша, кәсіпкерлердің аталмыш жұмыстарды жүзеге асыруы үшін осы жылдың қараша айына дейін уақыттары бар. Бағалаушы компанияларға төленетін қаражат жергілікті әкімдіктерге жүктеледі. Тек бизнесмендер тиісті құжаттарын жинап өткізулері тиіс.

Делегаттар Атбасардағы зардап шеккен бірнеше жеке кәсіпкерлерлік нысандарын аралады. Дәлірек айтсақ, Шумилиндік жеке кәсіпкерлердің өндірістік цехтары, қоймалары, шикізаттары, дайын өнімдері зардап шекті. Алдын ала болжам бойынша, келтірілген шығын көлемі шамамен 180 миллион теңгені құрайды.

«А.Ж.Бекмағамбетова» ЖК-ң мүлкіне шамамен 35 млн теңгеге залал келтірілген.

«Ашық жол» ЖК-не келтірілген шығын да шамамен 30 млн теңгеге бағаланып отыр. Электр лифті, доңғалақтарды орнату жабдықтары, пластик терезе жасайтын станоктар және т.б. зақымдалған.

Атбасар өңірінде барлығы 20 кәсіпорынды су басты. Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Әлия Бегалиновның айтуынша, бағалау комиссиясының көмегімен бүгінде барлық қажетті құжаттар жинақталған.

Естеріңізге сала кетейік, бағалау комиссиясының қорытындысын алу үшін өтінім берудің белгілі алгоритмі бар. Ең алдымен растайтын құжаттар қоса берілген жоғалған және/немесе бүлінген мүліктің тізімін жасау қажет. Содан кейін бүлінген мүлікке тексеру жүргізу бойынша бағалау комиссиясына өтініш беру үшін аудан, қала әкімдіктеріне хабарласу керек; залал мөлшерін анықтау үшін тартылған тәуелсіз бағалаушы компаниялардың тізімін алып (бағалау жұмыстарының шығындары өтеледі) залалды өтеу туралы өтінішті тапсыру керек.

Бағалау комиссиясы өтінішті қарап, қажет болған жағдайда сараптама жүргізеді. Ұсынылған мәліметтер мен құжаттарды тексеріп, қорытындысын шығарады. Содан кейін жоғалған мүліктің құнын немесе оны қалпына келтіру бойынша жұмыстың шығынын өтеу үшін кәсіпкер Өңірлік комиссияға хабарласуы керек.

«Біз су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлер мемлекеттен көмек алулары үшін жұмыс істеудеміз. Қабылданған ережелер мен тиісті алгоритмдер бизнесмендердің мүддесін қорғайды. Десек те мәселені одан да оңтайлы шешу жолдары болса нақты ұсыныстарыңызды тыңдауға қашан да дайынбыз», - деп сөзін қортындылады Н. Жаңабеков.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер