«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» ҰКП бизнесті субсидиялауды қалпына келтіру шаралары талқыланды

2025 жылғы 03 Шілде
770 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында шағын және орта бизнес үшін ең өзекті мәселелердің бірі – несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға арналған бюджеттік қаражаттың жеткіліксіздігі талқыланды. Қаржыландырудың тоқтауы жұмыс істеп тұрған және жаңа бизнес-жобалардың жүзеге асырылуына, инвестициялық белсенділікке және жұмыс орындарының ашылуына тікелей қауіп төндіреді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру үшін бюджеттік қаржының жетіспеушілігіне арналған Zoom-конференция өтті.

Конференция жұмысына ҚР Ұлттық экономика министрлігі, «ДАМУ» қоры, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының және бизнес-қауымдастық өкілдері қатысты. Іс-шараға «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов модераторлық етті.

Кездесу барысында биылғы жылдың алғашқы төрт айында субсидиялау бағдарламасы аясында жалпы сомасы 232,4 млрд теңгені құрайтын 1800 жобаға қол қойылғаны айтылды. Бұл ретте, төленген субсидия көлемі – 12,8 млрд теңге. Алайда, бүгінде барлық өңірде қаржыландыру көлемі 0 теңгені құрап отыр. Бұл жағдай кәсіпкерлер үшін жұмыс барысын жалғастыру, несиелерді өтеу және міндеттемелерді орындауда елеулі қиындықтар туындатуда.

Қатысушылар бұл мәселенің тек қолданыстағы және жаңа бизнес-жобалардың іске асуына ғана емес, сонымен қатар кәсіпорындардың дамуына, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарының құрылуына кедергі келтіретін тізбекті әсерге ие екенін атап өтті.

«ДАМУ» қоры Басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов қазіргі таңда субсидиялау тетігі бойынша қаражат тапшылығына байланысты Қор жаңа өтінімдерді қабылдауды және мақұлданған жобалар бойынша субсидиялау келісімшарттарын жасауды уақытша тоқтатқанын хабарлады.

Ал Ұлттық экономика министрлігінің өкілі өз кезегінде мемлекет тарапынан ШОБ қаржыландыру бойынша барлық міндеттемелер толық көлемде орындалатынына сендірді. Келесі жылы мұндай кідірістер болмайды деп мәлімдеді. Министрлік биыл мәселені шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр, оның ішінде субсидиялау бағдарламасын қаржыландыру мақсатында жергілікті бюджеттерден қаражат бөлуге өтінімдер әзірлеуде.

Талғат Смағұлов қосымша бюджет қаражаты бөлінгеннен кейін ғана өтінімдер қабылдау және субсидиялау келісімдерін жасау қайта жанданатынын айтты. Қаражат бөлінген бойда ол барлық өңірге жедел түрде таратылатын болады.

Сондай-ақ ол ШОБ субъектілерін жеңілдетілген несиелеудің жаңа – «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылғанын хабарлады. Бұл бағдарлама жылдық 12,6% сыйақы мөлшерлемесімен бірнеше екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі. Қаржыландыру екінші деңгейлі банктермен бірлесіп жүзеге асырылады: 40% – Қор қаражаты есебінен, банктердің меншікті қаражатынан 60%. Жаңа қолдау құралдары бюджеттік тәуелділікті төмендетуге, нарықтық тетіктерді дамытуға және балама қаржы көздерін тартуға бағытталған.

Жиын қорытындысында «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов қалыптасқан жағдайдың жүйелі сипатына назар аударды:

Бұл жағдайдың жыл сайын қайталанатынын және уақытша сипатқа ие екенін түсінеміз. Алайда, аталмыш мәселе жедел шешуді қажет етеді, өйткені ол бүкіл ел бойынша көптеген кәсіпкерлердің мүддесін қозғайды. Қолданыстағы және жаңа бизнес-жобаларды іске асыруға қаржылық қолдау көрсету үшін республикалық не жергілікті бюджеттерден қосымша қаражатты жедел түрде бөлу қажет. ҰКП ұзақ мерзімді перспективада мұндай жағдайлардан бизнесті қорғап, өңірлерді кәсіпкерлікті белсенді қолдауға ынталандыратын тұрақты қаржы тетіктерін әзірлеу маңызды деп санайды, – деді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер