«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтаулық кәсіпкерлер «Ақбота» саябағының аумағын босатқысы жоқ

2023 жылғы 06 Ақпан
- Маңғыстау облысы
10377 просмотров

Қазір «Ақбота» саябағы Ақтау қалалық әкімдігінің меншігінде. Осы күнге дейін кәсіпкерлер сот шешіміне қарамастан жер учаскелерін босатқан жоқ.

Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасына «Ақбота» саябағының аумағында бөлшек сауда қызметін жүзеге асыратын 20-дан астам шағын бизнес субъекті жүгінді. Кәсіпкерлер қала әкімдігі саябақ аумағында кәсібін жалғастыруға келісімшартты ұзартпағанына шағымданды.

«Біздің жарығымызды жиі сөндіріп тастайды. Парктен кетірудің амалы шығар. Балалар аттракционы мен машиналарды электр қуатынсыз қоса алмаймыз. Тазалық, ағаш егу тағы басқа шаруаларды өз мойнымызға алып, бизнесімізді жалғастыра берсек деп сұраймыз», – дейді кәсіпкерлер.

Бұл жер қайтадан сенімгерлік басқаруға берілмек. Саябақ аумағын босату туралы сот шешімі сот орындаушыларға берілді. Жаңа жоба аясында мұз айдыны, демалыс орталығы, кітапхана сияқты көпшілікке сан түрлі бос уақыт өткізетін орындар салынбақ.

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Асылбек Жарылғасовтың айтуынша, саябақ қала көркін аша түсуі керек. Сондықтан да жаңа сенімгерлік басқарушымен келісімге келіп, өз орындарын сақтап қалуға әрекет етуі керек. Өйткені жаңа жобадағы заманауи демалыс орталықтарын салу – уақыт талабы.

Бұрын «Rent service 2018» ЖШС «Ақбота» паркінің сенімгерлік басқарушысы болды. Талап үдеден шықпады.

«Шаһар дамуына сәйкес, саябақ та заманауи кейіпке енуі тиіс», – дейді билік өкілдері.

Саябақтың жаңа сенімгерлік басқарушысы жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлермен тікелей шарттар жасамақ. 

«Антикор бізге әр кәсіпкерге саябақ аумағынан жер учаскесін беруді және оларды абаттандыру жұмыстарын орындауға міндеттеуді ұсынды. Бірақ біз бұл талапты орындай алмаймыз, өйткені жерді жалға беру тек тендер негізінде жүзеге асырылады. Біз кәсіпкерге қызметін жүзеге асырған жердің бір бөлігін алатынына кепілдік бере алмаймыз, өйткені сенімгерлікпен басқару құқығы бар іскер ғана шешім қабылдай алады. Жалғыз жол – сенімгерлік басқарушымен шарт жасасу және дау-дамайсыз жұмыс істеу керек», – деп атап өтті Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ердәулет Базар.

Айта кетейік, 2022 жылдың ақпанының соңында «Ақбота» аумағы сенімгерлік басқаруға берілді. Кейінірек саябақтың жаңа жобасы таныстырылды. Маусымда кәсіпкерлер мен шенеуніктер арасында жанжал туды. Кәсіпкерлерге «Ақбота» саябағын босату міндеттелді. Қыркүйекте саябақ қалалық әкімдіктің меншігіне қайтарылды. Бұрынғы сенімгерлік басқарушы «Rent service 2018» ЖШС паркті өз басқаруында қалдыруды сұрады. Өйткені  саябақтың инфрақұрылымын дамыту үшін  серіктестік 25 млн теңге инвестиция жұмсағанын алға тартты. Дегенмен сот шешімі әкімдік пайдасына шығып, жаңа сенімгерлік басқарушыға конкурс жариялады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер