«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Алтын сапа» сыйлығының иегері атанған кәсіпкерлерді Маңғыстау облысының әкімі қабылдады

2022 жылғы 15 Желтоқсан
- Маңғыстау облысы
9835 просмотров

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Президенттік «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарымен кездесті.
Биыл байқауға 281 үміткер қатысты. Оның ішінде маңғыстаулық 5 кәсіпкер топ жарып, үздік шықты.

«Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша конкурс жеңімпаздары болып «Оптимум» жобалау институты және «Zhamal ai LTD» ЖШС танылды.
Айта кету керек, «OPTIMUM жобалау институты» мұнай-газ саласындағы геологиялық барлау саласында жобалау және консалтингтік қызметтер көрсетуге маманданған.  Сондай-ақ компания «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің мүшесі болып табылады, ұйымда 127 адам жұмыс істейді.
«Zhamal ai LTD» ЖШС мекемесін Збира Хасанова басқарады.  Компания 1993 жылы құрылған.  Арнайы жұмыс киімдері, қауіпсіздік аяқ киімдерін, күнделікті аяқ киімдер және трикотаж бұйымдарын шығарумен айналысады.


Арнайы «Іскер» сыйлығына - Шыңғыс Есбосыновтың мұнай кәсіпшілік жабдықтары мен бұрғылау құралдарын шығаратын және жөндеумен айналысатын «OSS KAZAKHSTAN» ЖШС кәсіпорны, сондай-ақ, ЖК «Rakhim baby» жаңа туған нәрестелерге киім тігу цехы ие болды.  Олар айына 4 мың жөргек, жаңа туған нәрестелерге арналған 2 мың жиынтық киім, 80 көрпе, 100 бесік комплектісін шығарады.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев лайықты марапаттар олардың алдағы табысты жұмысына оң серпін беретініне сенім білдірді.
Жеңімпаздарды аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев құттықтады.


«Маңғыстаулық кәсіпкерлерге тапсырылған марапаттар отандық бизнестің қарқынды дамып келе жатқанынан хабар береді.  «Алтын сапа» байқауына қатысу арқылы компаниялардың қазақстандық нарықтағы танымалдықты арттыруға мүмкіндігі бар.  Жеңімпаздар басқаларға шабыт береді.  Бұдан әрі кәсіби табыстар мен жоспарланған жобаларды жүзеге асыруға тілектеспін», – деді Нұрлан Ноғаев.

«Атамекен» ҰКП-ның «Алтын сапа» сыйлығы ұйымның өнім немесе қызмет сапасы саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізгені, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткені, сондай-ақ сапаны басқарудың жоғары тиімді әдістерін енгізгені үшін 2006 жылдан бастап жыл сайын конкурстық негізде беріледі.  Кәсіпкерлікті дамытуда тамаша нәтижелерге қол жеткізіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып жүрген бизнес-қауымдастық өкілдері бірқатар арнайы байқаулардың қорытындысы бойынша марапаттарға ие болуда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер