«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтау қаласын еліміздің басты туризм орталығының бірі ретінде дамыту қажет

2022 жылғы 08 Қараша
- Маңғыстау облысы
6735 просмотров

Теңіз жағасындағы қала қазіргі заманғы озық талаптарға сай болуға тиіс. Облыс орталығындағы ескі үйлердің мәселесін шешу қажет. Қалада мұндай 280 үй бар. Үкіметке Ақтау қаласындағы тұрғын үйлерді жаңғырту жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Жаңаөзенді кешенді дамыту мәселесіне баса назар аудару қажет. Ондағы күрделі түйткілдерді шешуге 580 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл – бір қала үшін қомақты қаржы. Оны мақсатына сай тиімді жұмсау қажет.

Президент агроөнеркәсіп саласы ел экономикасын дамыту ісіндегі стратегиялық басымдықтың бірі екенін атап өтіп, Маңғыстаудың ауыл шаруашылығы саласын, азық-түлік нарығын дамыту маңыздылығына тоқталды.

Бұған бізде мол мүмкіндік бар. Бірақ, ең алдымен, өз елімізді сапалы әрі арзан азық-түлікпен қамтамасыз етуіміз керек. Маңғыстау өңірі үшін бұл мәселе айрықша маңызды. Аймақ тұрғындары жыл сайын 100 миллион доллардың азық-түлігін сырттан алады. Мұндай тәуелділік оның бағасына тікелей әсер ететіні белгілі. Жыл басынан бері азық-түлік бағасы 20 пайыздан астам қымбаттаған. Көбіне мұндай ахуалдың қалыптасуына аймақтың орналасқан жері және логистика мәселелері себеп болып отыр. Маңғыстау Қазақстанның көлік-транзит стратегиясында маңызды рөл атқарады. Мұнда азық-түлік тауарын экспорттау және импорттау мүмкіндігін кеңейткен жөн, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жыл сайын мал азығының 75 пайызын басқа облыстардан алатын Маңғыстау облысында жем-шөптің бағасын арзандату мәселесі өте өзекті екенін айтты. Өзге өңірлерден мал азығын тасымалдау үшін жеңілдетілген тарифтер енгізу жолын қарастыру керек екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев туризм және экология салаларына да арнайы тоқталды. Оның пікірінше, қазір бүкіл әлемде туризм экономиканың маңызды саласына айналды. Бұл ретте Маңғыстаудың алатын орны айрықша.

 Каспий жағалауындағы мемлекеттермен бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырған жөн. Әсіресе, круиз туризмін дамыту қызығушылық тудырады деп ойлаймын. Жалпы, Маңғыстау көптеген киелі орындарымен әйгілі. Бекет ата, Шопан ата, Шақпақ ата жер асты мешіттерін ерекше атап өтуге болады. Мұндай бірегей нысандар дүние жүзінде бірен-саран. Тарихи-мәдени қорықтар мен музейлерге де баса мән берген жөн, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Маңғыстаудың экологиясында күрделі түйткілдер бар және экологиялық тепе-теңдік пен Каспийдің биоалуандығын сақтау – маңызды міндет.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер