«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтауда баламасы жоқ сапалы аяқ киім өндірісі дамуда

2022 жылғы 24 Тамыз
- Маңғыстау облысы
8509 просмотров

«Zhamal-ai LTD» аяқ киім фабрикасы  жылына 120 мың жұп отандық аяқ киім тігеді.

Тауарлар негізінен мұнай және газ кен орындары, құрылыс алаңдары, әскери саладағы адамдарға арнап шығарылады.

Мұнда жас ұрпаққа заманауи үлгідегі аяқ киімдер де тігіліп жатыр. 2015 жылдан бастап зауыт «Sharkey» брендімен былғары мокасиндер шығарып келеді. Ыңғайлы, стильді, сапалы аяқ киімдер тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие. Әртүрлі жастағы балалар мен жасөспірімдерге арналған аяқ киімдердің сан түрі тігілуде. Туфли, мокасин, кроссовка, кеды сынды түрлері заманауи дизайнда, таза былғарыдан жасалады.   

Кәсіпорын өнімдерінің басты артықшылығы- тек қана табиғи материалдар пайдаланады. Бұл аяқты қорғауға, күнделікті киюге жайлы әрі ыңғайлы. Шикізаттар Қазақстан, Ресей, Түркия және Италия өндірушілерінен жеткізіледі. Зауыттың өнімдері көрші елдердің тауарларынан оқ бойы озық тұр.

Бұдан басқа, «Zhamal-ai LTD» фабрикасында сапалы,  ыңғайлы, берік жазғы және қысқы арнайы киімдер де тігіледі. Кәсіпорынның екінші бағыты арқылы өңірдегі өндірісті жұмысшы киімдерімен қамтамасыз етіп келеді.

Медициналық және аспаздық униформалар, спорттық костюмдер, мектеп формасы, футболкалар, поло, бейсболкалар, жылы бас киімдер, күртешелер мен жеңсіздер де кәсіпорын өнімдерін толықтырады. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 30 мың бірлік арнайы киімге жетіп отыр. Киімдердің барлығында бірегей үлгі мен табиғи шикізат қолданылады.

Кәсіпорынның негізін қалаушы- Зибира Хасанова. 42 жыл бойы тігін өнеркәсібін дөңгелетіп келеді. Аталмыш кәсіпорынды 25 жылдан бері басқарып отыр. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. «Табыс», «Қазақстанның үздік тауары», «KADEX» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің жеңімпазы. 

Кәсіпорын отандық өнім шығаруда табысты әрі тұрақты жұмыс істейді. Пандемия кезінде жұмысшылар жаңа бағытқа машықтанып, бетперде тігумен шұғылданды. Арнайы жұмысшы киімдері мен аяқ киімдер еліміздің көптеген облыстарына жеткізіліп, кәсіпорындар мен ұйымдарды сапалы өнгіммен қамтамасыз етіп отыр.  Көлік компаниялары, күзет агенттіктері мен құқық қорғау саласы, күштік құрылымдарға аяқ киім жеткізу жүзеге асырылуда.

«Зауыттың шығаратын өнім көлемі жыл сайын артып келеді. Еңбекке

қабілетті мүгедектерді жұмыспен қамтимыз. Колледждер мен жоғарғы оқу орындарын бітірген мамандарды жұмысқа орналастыру бағдарламасы орындалуда. Кейбір жастар мектепті бітіргеннен кейін кәсіпорында курстан өтіп, жұмысшы біліктілігін алады»,- дейді «Zhamal-ai LTD» ЖШС директоры Зибира Хасанова

Зибира Мухсанқызы ұзақ жылдар ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның тұрақты мүшесі. Ұжымның негізгі бөлігін әйел жұмысшылар құрайтынына қарамастан, жұмысқа талап жоғары. Қызметкерлер саны тұрақты өсіп, соңғы 5 жылда 30% артты.

Қоғамның осал топтарын әлеуметтік қолдау мақсатында қоғамдық-әлеуметтік жұмыстарға көп көңіл бөледі. ҰОС ардагерлеріне, жекелеген әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, түрлі ұйымдарға қайырымдылық көмек көрсетеді.

Қазіргі уақытта кәсіпорынның қуатты өндірістік базасы, техникалық жабдықталуы, білікті мамандар қатары бар. Зауытта киім мен аяқ киім тігу үшін 160 жоғары білікті маман жұмыс істейді. Кәсіпорын мол тәжірибесімен ішкі нарықта үлкен беделге ие. Отандық өндірістің алдағы мақсаты айқын. Сапалы өнімдердің аясын кеңейтіп, жаңа нарықты бағындыру.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер