«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Маңғыстаулық кәсіпкерлер 300 балаға шырша мерекесін ұйымдастырды

2021 жылғы 29 Желтоқсан
- Маңғыстау облысы
5918 просмотров

Маңғыстаулық кәсіпкерлер жаңа жыл қарсаңында әлеуметтік осал топтағы балаларды да назардан тыс қалдырған жоқ.

Тумысынан мүгедек, әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасының бүлдіршіндері мен жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне шырша мерекесін ұйымдастырды. Бірнеше демеушінің қайырымдылық қолын созуымен мереке сәтті өтті.

«Хан шахар» мейрамханасында 300 балаға арнап дастархан жасалды. Ас мәзіріне ыстық тамақтан бастап, салат, тәтті тоқаштар, десерт сияқты астың барлық түрін қойдық. Балалар әдемі жерде тамақтанып, концерт көріп, ойындарға қатыссын деген мақсатымыз орындалды. Бұдан бөлек бірнеше аз қамтылған отбасына жаңа жылдық сыйлықтарды тарту еттік. Бас демеуші Altyn food сауда желілерінің бас директоры Арсен Бөрібаев оған айтарлықтай ат салысты. Бұл— біздің жыл сайын жасайтын игі шараларымыздың бірі»,—дейді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Гүлмира Қуанышалиева.

Жаңа жылдық ертеңгілікте трансформерлер, мультфильм мен ертегі кейіпкерлері де келіп балаларды ерекше қуантты. Шара барысында әндер шырқалып, би биленді. Аяз ата мен Қарша қыз балалармен ойын ұйымдастырды. Жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірді.

«Мен ерекше баланың анасымын. Тумысынан мүгедек болған соң көпшілік орындарға көп шықпаймыз. Бүгінгі ертеңгілікке келіп, бала да, өзім де бір серпіліп қалдық. Қайырымды жандардың ықыласы қуантады. Қоғамнан бөлектемей, біздің балаларымызға да мереке сыйлаған кәсіпкерлерге алғысым шексіз»,—деп қуанышын жасырмады Қарылғаш Тоқтанаева.

Мерекелік шара соңында әр балаға тәттілер толтырылған сыйлық дорба таратылды. «Бар жақсылық - балаларға» деген ұстанымдағы кәсіпкерлер жүріп-тұруы қиын балалардың сыйлықтарын үйіне апарып беруді ұйғарды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер