«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Маңғыстауда теңіз туризмін дамытуда мәселе көп

2021 жылғы 28 Қазан
- Маңғыстау облысы
4069 просмотров

Маңғыстауда теңіз туризмін дамытуға кедергі келтіретін бірқатар заңда қайшылық бар.

Бұл — туристік флотқа айтарлықтай салмақ салуда. Су шекарасына қатысты да түсінбестік жетерлік. Салдарынан бизнес пен құзырлы органдар жиі қақтығысады. Осы мәселе Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасында өткен жиында талқыланды.

Климаттық жағдайы жылдың 9 айында саяхаттауға мүмкіндік беретін Маңғыстауда сұранысы жоғары орын — Каспий теңізінің жағалауы. Көк айдында шомылып, су көліктерімен серуендеуге асығатындар көп. Бірақ теңіз туризмімен айналысатын кәсіпкерлер қолданыстағы заңдарда кедергі көп дейді. Шағын туристік флотқа алып жүк кемелерінің талаптары қойылған. Бұдан бөлек «Мемлекеттік шекара туралы» заң талабында су көліктері тұратын аумақ қоршалып, қорғалуы тиіс. Ал, жергілікті әкімдік бұған қарсы. Олардың шешімінде теңіз жағасы қоғамдық орын деп саналады. Көпшілікке ортақ болғандықтан еркін кіріп-шығу үшін үнемі ашық тұруы керек.

 

«Теңіздегі су көліктерінің әр алуандығын ескеріп, еуропалық талапты енгізбесе болмайды. Теңіз жағасынан көп ұзамайтын шағын қайықтар мен жүк тасымалдайтын алып кемелерге талап ортақ. Бұлай әділетсіз ғой. Заңдағы қарама-қайшылықтар салдарынан құзырлы органдар бизнесті алқымынан алады», — деген уәж айтты кәсіпкер Сергей Ворожейкин.

Бұдан басқа туристік нысандарға саяхатшылардың жетуі қиын. Тас жолдардың жоқтығы, жол азабы туристердің қызығушылығын жоюы мүмкін.  Бұл мәселелер «Атамекен» ҰКП-ның өкілдеріне де айтылды. Олар өз деңгейінде мәселеге араласып, Үкіметке дейін жеткізбек.

 «Кейбір заңға өзгерістер енгізу туралы премьер-министрдің орынбасарына жеткіземіз. Мұны ведмоствоаралық комиссия деңгейінде көтеруге күш саламыз.  Туризмдегі өзге де мәселелерді тиісті министрліктермен шешуге ықпал етеміз. Әзербайжан және Ресеймен бірлескен жолаушылар туризмін жолға қоямыз», — деді «Атамекен» ҰКП Төралқасы туристік сала комитетінің төрайымы Юлия Якупбаева.

Каспий жағалауы туризмнің қарқынды дамуы үшін қолайлы аумақ ретінде үлкен жобаларға енген. Қазір өңірде көк теңізді жағалай 19 туристік нысан орналасқан. Олар: демалыс базалары, қонақүйлер мен ойын-сауық орындары. Өткен жылы облысқа 160 мың турист келіп-кеткен. Биылғы 6 айдың өзінде 139 мың адам саяхаттады. Бұл көрсеткіштерді еселей түсу үшін әлі көптеген мәселенің түйіні шешілуі керек.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер