Маңғыстауда жаңбыр жаудыратын қондырғылар іске қосылды
Маңғыстау өңірінде қуаңшылықпен күресу үшін, жаңбыр жаудыратын қондырғылар іске қосылды. Олар Құрық, Жетібай, Шетпе және Сайын ауылдарына орнатылды. Мамандар жаңа технология бір апта көлемінде нәтиже бере бастайды. Қондырғы – «Clear Sky Manager-5» деп аталады.
Ол атмосфералық ылғалдан жауын-шашын тудырады. Мамандар құрылғының көмегімен жаңбырдың көлемін 30 пайызға дейін арттыруды көздейді. Жаңбырды жаудыру әдісін қолдануды алғаш болып Маңғыстау кәсіпкерлер палатасы көтеріп, Өңірлік кеңес төрағасы Еділ Жаңбыршин тиісті мамандар мен жергілікті биліктің басын қосқан еді. Бұл сол шаралардың жемісі.
Жоба жетекшісі Алтай Айнабек:
«Тұрақты түрде 300 мл жауын жауып отырады. Бұл аридттік аймақтар өзі өте күрделі өңір болып саналады. Өйткені, қысым әртүрлі атмосфералық құбылыстарға әсер етеді. Электромагниттік жердің полюстері бар сияқты көп нәрсе әсер етеді. Бірақ 300 мл жыл сайын тұрақты түрде жаңбыр жаудырып отыруға болады»,-дейді.
Алдағы уақытта қондырғының атмосфераға әсері бақыланады. Нәтижесі соңғы он жылдағы жауын-шашын мөлшерімен салыстырылмақ. Мамандардың айтуынша, жаңа технология жылдың 4 мезгіліне де лайықталған.
Компанияның климаттық технологиялар директоры Сергей Бологуровтың айтуынша, технология жыл мезгілдеріне байланысты жұмыс істейді. Мәселен, қыста жаңбыр сіркіреп жауса, көктемде күн жылынғандықтан жауын молырақ түсуі мүмкін. Қондырғы интернет арқылы қашықтан басқарылады.
Біз кез-келген сәтте оны өшіріп, қоса аламыз. Атмосфералық ылғалдан жауын-шашын тудыратын технологияның режимін де өзгертуге болады.
Қондырғының аймақ экологиясына және жергілікті халықтың денсаулығына ешқандай зияны жоқ. Сондай-ақ, ол электр қуатын аз жұмсайды. Климатологтар қондырғының тағы біреуін Бейнеу ауданына да орнатуды көздеп отыр.
Мұндай қондырғы елімізде алғаш рет қолданылып жатыр.
Дәл осындай технология Біріккен Араб Әмірліктері, Жаңа Зеландия, Корея, Ресей сияқты елдерде нәтиже берген. Сондықтан мамандар құрылғы тұрақты түрде жұмыс істесе, өңірдің қуаңшылықтан құтыларына сенімді. Ал, алғашқы жаңбыр 2-3 күннен қалмай жауады деген болжам бар.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: