АҚТАУ ҚАЛАЛЫҚ ӨҢІРЛІК КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІ ҚАРЖЫ ҰЙЫМЫ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасына қарасты Ақтау қаласының Өңірлік кеңес мүшелері қаржы саласы ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Оған онлайн негізде 45 қатысушы байланысқа қосылды.
Шарада «Кәсіпкерлерді қолдауда тікелей мүдделі қаржы институттарының ықпалы» тақырыбы қамтылды. Алдымен сөз алған Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев бұл кездесудің маңыздылығына тоқталып, кәсібін кеңейтуге және жандандыруға бағытталған кәсіпкерлерге арналған түрлі бағдарламалар бар екендігін айтып өтті. Ол кәсіпкерлер палатасының қызметтері мен мүмкіншіліктерін баяндап берді. Кәсіпке байланысты, банктермен және жергілікті органдармен түсініспешіліктер мен проблемалар болса бірігіп талқылап, көмектесуге дайын екендерін айттып кетті. Қаржы институттарынан несие алу мақсатында бизнес-жоспарды дайындауға, бухгалтерлік есеп негіздерін көрсету, тендерлерге қатысу тәртіптері бойынша, салық есептерін жасасуға және қосымша кеңестерді беруге Кәсіпкерлер палатасы өз тарапынан қол үшын көмек көрсетуге дайын екендігін атап кетті.
Ақтау қаласы Өңірлік кеңесінің төрағасы Бауыржан Сарыев кәсіппен айналысып жүрген және кәсіп бастауды көздеген адамдарға бизнесті қолдау мақсатында Үкімет тарапынан мүдделі қаржы институттары арқылы көмек берілетінін айтып өтті. Қандай бағытта, қандай жолдары қарастырылғаны екендігін арнай шақырылған өкілдер таныстыратынын мәлімдеді.
Мәселені одан әрі жалғастырған мүдделі қаржы институттарының өкілдері болды. Баяндамашылар кезек-кезегімен өздерінің көрсететін қызметтерін презентациялар арқылы ұғымды түсіндірді.
Кездесу барысында қаржы институттарының өкілдері қойылған сұрақтарға жауап беріп отырды және қандай қосымша ақпарат алуға мүмкіншіліктер бар екендігін айтып өтті. Шағын және орта бизнесті несиелендірудің жеңілдікті бағдарламалары таныстырылды, несиелендірудегі проблемалық мәселелер, сондай-ақ мемлекеттік гранттар мен субсидиялар талқыланды. Қатысушылар Ақтау қаласындағы қорлар мен екінші деңгейлі банктер беретін несие беру және микронесиелер бойынша кепілдендіру қағидаларымен танысты. Бизнес иелерін бәрінен бұрын Банктің жобаларды қарау схемалары, кәсіпкерлердің несиелерін кепілдендіру және оны қамтамасыз етуге қойылатын өлшемшарттар, мемлекет тарапынан сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауды ұсыну процестері және бизнестің жаңа бағыттарын несиелеудің қазіргі мүмкіндіктері бойынша мәселелер қызықтырды.
Кеңес мүшелері онлайн негізде қатысушылардың көкейтесті сұрақтарына жауап берді. Шараға қатысушылар белсенді болды. Барлығы 15-тен астам оффлайн және 10-нан астам онлайн негізде сұрақ қойылды. Оларға тұщымды жауап берілді.
Кеңес төрағасы Б.Сарыев Еуропа қайта құру және даму банкі шағын бизнес бойынша сарапшысы Оразбаев Айбекке ерекше ризашылығын білдірді. Бүгінгі таңда Еуропа қайта құру және даму банкі Маңғыстау өңірінде бизнесті қолдау мақсатында бірнеше бағдарламаларды іске асыруда. Мысалы, «Микробизнестегі әйелдер». Оның аясында Маңғыстау облысында 25 кәсіпкер әйелге бизнесін жалғастыру және жандандыруға тегін кеңестер беріліп, арнайы 2 айға созылған семинар-тренинг ұйымдастырылды. Бүгінгі күні оның қатысушылары өз кәсібін одан әрі жүргізіп отыр. «Сәттілік марафоны» көмегімен кәсібін ашқалы отырған адамдарға 3 айға созылған оффлайн, онлайн тренингтерін ұйымдастырды.
Сонымен бірге, Ақтау қаласы Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы кездесудің ұйымдастырушы алқасына ризашылығын білдіріп, одан әрі өңір кәсіпкерлеріне ақпараттық қолдау көрсетуге жұмыстанатынын мәлімдеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: