«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Рашит Мұстапаев: Маңғыстау бизнесіне салалық сарапшылар ауадай қажет

2021 жылғы 25 Қаңтар
- Маңғыстау облысы
4917 просмотров

Бүгінде Маңғыстау облысында бизнесте салалық сарапшыларды табу аса қиын. Соның салдарынан өңірдегі 52 мыңнан астам бизнес субъектінің тек 18-і ғана индустриалды сертификат алды. Бұл- бизнес үшін үлкен қиындық

 Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев: «Басты себеп- Маңғыстауда салалық сарапшылардың жоқтығы. Облыста тек 2-ақ сарапшы тіркелді. Олар химиялық өндіріс саласында болып отыр. Басқа салаларда қиындық туындады. Маңғыстау бизнесіне салалық сарапшылар ауадай қажет! Ол үшін кәсіпкерлер сырттан маман шақыртып, сараптама қорытындысын жасатуы керек. Салалық сарапшылардың келу-кету, жатын орны, қызмет құны сынды шығындары миллиондаған теңгемен есептеледі. Мұндай сомманы төлеуге кез-келген іскердің шамасы жоқ. Ендігі тығырықтан шығар жол – жергілікті жерден, әр саладан сарапшыларды дайындау қажет»,– деп ой толғады.  

Соның салдарынан облыста Өңірлік кәсіпкерлер палатасынан тек 18 кәсіпорын индустриалды сертификат алып, түрлі тендерге қатысуға мүмкіндік туды. Олар мемлекеттік сатып алуларда 5 бағыт бойынша қатыса алады: ІТ саласы, жиһаз, құрылыс, машина жасау және жеңіл өнеркәсіп салалары.  Сертификат жарамдылығы 3 жыл. Қалғандарында қиындық көп. Мәселен жиһаз жасаумен айналысатын  «Амина» ЖК иесі Анаргүл Жексенбаеваның айтуынша, индустриалды сертификат алу үшін біршама мәселеге тап болды.

«Жиһаз жасау бойынша тендерлерге қатыса алмай отырмыз. Құжат жинай бастағанда индустриалды сертификат болуы міндеттелді. Оны алу үшін сырттан салалық сарапшы шақыртуымыз керек. Өйткені, біздің өңірімізде жиһаз саласын оқып, игерген, еңбек өтілі сай келетін сарапшы жоқ. Ол маман біздің цехымызға келіп, құрал-жабдығымыздың сәйкестігі, қауіпсіздік шараларының сақталуы, санитарлық нормалар мен өрт қауіпсіздігі сынды бірқатар талаптарға сай екенімізге қорытынды жасап, анықтама беруі тиіс. Маманды алдыру шығыны 1 млн 300 мың теңгеге шығады. Оған жалғыз өзімнің жағдайым көтермейді. Бірнеше кәсіпкер болып қосылып, алдырайық деген де ой болған. Оған көбісі келіспей, іс аяқсыз қалды. Сондай мамандар Ақтауда болса, бізге де, оған да пайдалы болар еді. Енді тек тұрғындардың азын-аулақ тапсырысын жасап отырмыз. Ірі көлемді тендерлерге қатысып, қомақты табыс табуға сертификаттың жоқтығы қол байлау болып тұр»,- дейді кәсіпкер.

Қазіргі таңда ҚР «Атамекен» ҰКП Президиумы 2019 жылдан бастап отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді өндірушілер реестрін жасақтау және оны жүргізу, сонымен қатар индустриалды сертификат рәсімдеу бойынша ережені бекіту туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл тізілімге ену үшін кәсіпкерлік нысанына индустриалды сертификат алу міндеті жүктелген. Бұл сертификат түрін алуға ынта білдірушілер қатары көбейгенімен, өңірде салалық сарапшылардың тапшылығы үлкен кедергі болып отыр. Салалық сарапшыны ҰКП-мен аккредиттелген салалық қауымдастық республикалық деңгейде тағайындайды. Қазіргі уақытта әрекет етуші 11 саланың әрқайсысының жеке қауымдастығы бар. Сарапшылардың тапшылығы, әсіресе орта және шағын бизнес өкілдеріне индустриалды сертификатты алу мүмкіндігін шектейді. Осыған орай, өңірімізде салалық сарапшылар қатарын толықтыруға белгілі бір салада қалыптасқан, тәжірибесі бар маман иесінің мүмкіндігі мол екендігін айта кеткіміз келеді. Ол үшін мынадай шарттарға сай болуы тиіс: сәйкес саласы бойынша жоғары білім және 5 жыл еңбек тәжірибесі; саласына сәйкес емес жоғары білімі болса, 7 жыл еңбек өтілі қажет және орта білімі болған жағдайда 10 жыл еңбек тәжірибесі талап етіледі.

Жоғарыдағы категорияға сәйкес келем деушілер өз кандидатураларын

ұсынып, салалық ассоциацияға хабарласа алады. Бұл туралы барлық ақпарат www.atameken.kz ресми сайтында көрсетілген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер