«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Маңғыстаулықтар «Бастау» жобасының орындалуы бойынша алдыңғы қатарда тұр

2020 жылғы 15 Желтоқсан
- Маңғыстау облысы
2750 просмотров

Биыл облыс аумағында 990 адам «Бастау» жобасы бойынша білім алып, 650-ге жуық қатысушы 200 АЕК көлемінде мемлекеттік гранттар  мен жеңілдетілген 4-6%  несиелерге қол жеткізді. Маңғыстау облысы қаржыландырылған жобалар бойынша алдына қойылған межені 220%-ға орындап, республикамыз бойынша алғашқы үштікке енді

«Осы жылы Маңғыстау облысына 297 жобаны жүзеге асыру межеленген еді. Бірақ жұмыстың қарқынды жүруіне байланысты 650 жоба іске қосылды. Тағы 10 кәсіп түрі Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорында қаражат бөлу сатысында тұр. Бұл біздің ашылған жобаларға несие мен гранттар бөлу бойынша жеткен үлкен жетістігіміз»,- дейді ӨКП қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Аманат Махмутов.

 «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының 2-бағыты аясында «Бастау» жобасы Маңғыстау облысында  4-жыл қатарынан өтуде. Биыл бұл жобаға облыс көлемінде 990 адам кәсіпкерліктің алғашқы негіздеріне онлайн форматта оқытылды. Әлемдік пандемияға байланысты әдеттегідей оффлайн форматта оқытудың мүмкіндігі болмады. Алайда, бұл-кәсіп ашуға ынталы бастаулықтар үшін кедергі болмады. 12  түрлі тақырыпты қамтитын оқу модульдерін 20 күн аралығында «Atameken.com» оқыту платформасы арқылы қашықтықтан оқуға мүмкіндік алды. Бұл жүйеде қатысушылар видеороликтер тыңдап, презентациялар мен конспектілерді оқып, үй тапсырмаларын орындап, тіпті бизнес жобаларын да арнайы конструкторда өздері жазды.

 Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы білікті маркетолог сарапшылар бұл бизнес жобалардың нарықтағы өткізу арналары, жобаның өміршеңдігі сияқты критерийлер бойынша сарапқа салып, бағалаған болатын.  Сондай-ақ, қатысушылардың сұраныстарына қарай Фейсбук және Инстаграм желілерінде тікелей эфирде тақырыптық вебинарлар ұйымдастырылды. Бұл «Бастау» жобасының бұрынғы жылдардан негізгі ерешелігі болды және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сандық технологияларға қадам басқан экономикамыздағы  онлайн білімге деген нарық сұранысын қанағаттандырған ұтымды ұсынысы бола білді.

Нәтижелі жұмыстар келер жылы да жалғасын таппақ.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер