АУЫЛ КӘСІПКЕРЛЕРІНДЕ МӘСЕЛЕ КӨП
Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының кәсіпкерлерінде шешімін таппаған мәселе көп. Ауыл іскерлерімен кездескен Өңірлік кеңес төрағасы Еділ Жаңбыршин мен кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев іскерлерді толғандырып жүрген мәселелермен жете танысты. Сонан соң "Атамекен" ҰКП-ның VII съезінде қойылған міндеттер мен мақсаттарды бизнес өкілдеріне жеткізді.
Ауыл кәсіпкерлері «ә» дегенен-ақ мәселелерін қарша боратты. Әсіресе, Форт-Шевченко кәсіпкерлері карантин кезінде кейбір шектеулерді жеңілдету жағын қарастыруды сұрады.
Еділ Жаңбыршин: "Көптеген қордаланған мәселе бар екен. Кәсіпкерлердің негізінен көтеріп отырғаны несие алу, карантин талаптарын жеңілдету, инфрақұрылымға қаржылай көмектесу, жаңа жұмыс орындарын ашуға байланысты ұсыныс берді. Тағы бір мәселе- карантин кезде кейбір шектеулерді жеңілдету жағын қарастыру. Себебі: бизнеске ауыр, табыс көлемі түсіп кетті",- деп тоқталып өтті.
Қазір Түпқараған ауданында орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатын 2 мыңнан астам нысан бар. Оның 43-і тамақтану орындары. 4-еуі тойхана. 19-ы дәмхана. Тойханалардың толық жабылып, дәмханалардың уақытының сағат 22-ге дейін шектелуіне наразылық білдірді.
Рашит Мұстапаев: «Атамекен» ҰКП-ге жүктелген міндеттердің 8 бағыты бойынша түсіндіріп өттік. Салық, жобалау офисі, несие, қолжетімділігі туралы айтып өттік. Ауыл кәсіпкерлеріне ақпарат жетіспеушілігі бар екенін байқадық. Агронесиелеу корпорациясы, микроқаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банк туралы сауалдарға жауап бердік",- дейді.
Барлық мәселелер жинақталып Өңірлік кәсіпкерлер палатасында қарастырылмақ. Содан кейін олар орталық аппаратқа және Үкіметке жолданатын болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: