«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мұнайшылар медициналық мекемелерге тыныс алу аппараттарын жеткізді

2020 жылғы 03 Қыркүйек
- Маңғыстау облысы
4060 просмотров

«ҚазТрансОйл» АҚ  Қазақстанның медициналық мекемелеріне 68 стационарлық көп функционалды өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараттарын сатып алып берді.

Бұл мақсатта компания  демеушілік көмек ретінде  1 млрд теңге қаражат бөлді.  Бұл қаражатқа коронавирустық пневмониямен және басқа да тыныс алу жүйесі ауруларын емдейтін, Еуропада шығарылған ӨЖЖ аппараты сатып алынды. Жабдық ӨЖЖ аппараттары жетпей тұрған  14 облыстық және  3 республикалық маңызы бар қаланың емханаларына түседі.  Медициналық мекемелердің тізімі ҚР Денсаулық министрлігі және жергілікті атқарушы органдар ұсынған деректердің негізінде жасалды.

Қазіргі уақытта 42 ӨЖЖ аппаратын алушылар айқындалды.

1 қыркүйек күні  Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасына 2 ӨЖЖ  аппаратын  тапсыру рәсімі өтті.

 «Бүгін біз «ҚазТрансОйл» компаниясы атынан демеушілік көмек ретінде 2 аппаратты Жаңаөзен қаласындағы ауруханаға тапсырып жатырмыз. Осы аппараттар науқастардың тез емделіп шығуына көмектеседі деп сенеміз», - деді   тапсыру рәсімінде «ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы бастығының орынбасары Саламат Исмурзин. 

Өз кезегінде Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасының директоры міндетін атқарушы Жаңабай Оңайбаев бүгінде 360 орынға есептелген ауруханаға мұндай жабдықтардың аса қажеттілігін атады. «Кешегідей індет өршіген уақытта бірінші кезекте осындай өкпені жасанды желдету аппараттарының аса керек болғанын көрдік. Шүкір, көптеген компаниялар демеушілік көрсетіп жатыр, солардың бірі ретінде «ҚазТрансОйл» компаниясына да рахмет. Әрине қазір де түрлі болжамдар айтылуда, дегенмен індеттің екінші толқыны қайталанбасын деп тілейміз. Қалай болғанда да науқастарды емдеуде осы аппараттардың көмегі зор», - деді ол.

«Өкпені жасанды желдету аппараттары - адам өмірін сақтайтын, реанимацияның негізгі аппараты. Германияда шығарылған мына аппараттың сапасы жақсы. Қолдануға өте ыңғайлы. Алып жүруге жеңіл. Әрине бөліміміздегі жабдықтар қатарын толықтырып жатқан мұндай жабдықтарға қуанамыз», - деді Жаңаөзен  көпбейінді қалалық ауруханасының анестезиология, реанимация және интенсивтік терапия бөлімінің меңгерушісі Аманбай Орынәлиев.

Айта кету керек, Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасы, қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы және №4 қалалық клиникалық аурухана бір ӨЖЖ аппаратынан алды.

«ҚазТрансОйл» АҚ  қажет жабдықты Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Қарағанды, Теміртау, Қостанай, Жетіқара, Рудный және Лисаковск медициналық мекемелеріне жіберді. ӨЖЖ аппараттарымен Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жамбыл облыстарының ауруханалары жарақтандырылатын болады.  Сондай ақ қыркүйекте Павлодар және Екібастұз медициналық мекемелеріне жеткізу жоспарланып отыр. Қалған 24 ӨЖЖ аппараты Атырау, Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақмола және Қызылорда облыстарына бөлінеді.

Еске сала кетейік,  «ҚазТрансОйл» АҚ – магистральдық мұнай құбыры бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық операторы. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобына кіреді.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тапсырмасы бойынша коронавирус пандемиясына қарсы күрес шеңберінде  компания Қазақстанның медициналық мекемелерін қажет жабдықпен қамтамасы етуге көмек көрсетеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер