#Жақсылық жаршысы: Маңғыстауда 100 отбасына тегін тамақ берілді
Маңғыстаулық кәсіпкерлер республикалық «Жақсылық жаршысы» акциясын жалғастырып әкетті.
«Менің Атамекенім» қоғамдық қоры «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге республикалық #жақсылықжаршысы акциясын бастаған болатын. Ақция аясында 100 отбасына азық-түлік қоржыны жасақталды. Оның 50-і Мұнайлы ауданының, тағы 50-і Ақтаудағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына таратылды.
Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев:
-Бүгінгі күні «Атамекен» ҰКП бастамасымен бүкіл республика бойынша бастау алған «жақсылық жаршысы» акциясы Қарағанды облысынан Маңғыстауға келіп жатыр. Сондықтан да осы акцияны бастап белді кәсіпкерлердің үлесімен жинақталған азық-түліктерді барлық аз қамтылған, көп балалы отбасыларға жеткізуді мақсат тұтады. Отбасылардың тізімдері белгілі. Жергілікті кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін!
Бұл карантин кезінде аз табыспен отырған отбасыларды қолдау болды. Көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері ұсынды. Арбаға таңылған немесе жүріп-тұруы қиын жандарға азық-түлікті мамандар үйлеріне дейін апарып береді.
«Көп балалы анамын. 6 балам бар. Мұнайлы ауданы кәсіпкерлер палатасының карантин кезіндегі көмектесіп жатыр. Сыйлап, жағдайымызды ескеріп, қарап беріп жатыр. Рахмет!» - дейді көп балалы ана Ұлболсын Бөртбаева.
Ал, «Престиж» жиһаздар үйінің өкілі Динара Асанова мұндай акцияға қатысқанына өте риза. Жергілікті кәсіпкерлер қашан да қолдауға дайын. Жағдайы төмен отбасыларына қамқорлық көрсетуді өздерінің парызы деп біледі.
«Жақсылық жаршысы» аясында Маңғыстау облысы ауруханаларына 15 оттегі концентраторы берілді. Құрылғыларды «Дәулеттен» және «Айдың нұры» қайырымдылық қорлары сатып алды. Қаражатты қамқор қазақстандықтар жинады.
Тыныс алу аппараттары ұшақпен жеткізілді. Оны Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері күтіп алып, тиісті орындарға табыстауда. Мұның бәрі Ақтау, Жаңаөзен қалаларындағы және облыстың барлық аудандарындағы 6 медициналық мекемеге жіберіледі. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Дәулеттен» және «Айдың нұры» қайырымдылық қорлары Маңғыстау облысына 5 осындай тыныс алу құрылғысын жіберген болатын.
Қарақия аудандық орталық ауруханасының бас мейірбикесі Раушан Нұрлымбаева:
«Мен жеке өзімнің және біздің аурухананың атынан алғыс білдіремін. Бізде 50 орындық провизор орталығы бар. Қазір жағдайдың оңай емес екенін білесіздер. Бізде бұрыннан 6 оттегі консентраторы бар еді. Оған тағы үшеуі қосалатын болды. Бұл бізге үлкен көмек болады»,-дейді.
Осылайша қайырымдылық шаралары мұқтаж жандарға шарапатын тигізуде.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: