«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сақалды құрылыс. Ақтауда тұрғын үй 4 жыл салынуда

2020 жылғы 28 Шілде
- Маңғыстау облысы
2955 просмотров

Ақтау қаласында «Аққу-3» тұрғын үй кешені «Сақалды құрылыс» деген атауға ие

4 жыл бойы салынып жатқан үйлерін салымшылар жыл сайын күтеді, бірақ нәтиже жоқ. Құрылысы қарқынды шаһарда мұның шешілмеуіне не кедергі?  «Аққу-3» тұрғын үй кешені Ақтау қаласының 33 шағын ауданында орналасқан. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатыр. Құрылысы 2016 жылы басталған болатын. Жоба құны- 7 млрд тг-ден асады. Егер құрылыс уақытында аяқталған болса біршама баспанасыздар қоныс тойын тойлаған болар еді.

12 қабаттық, 670 пәтерлік тұрғын үй кешені 2018 жылдың 4-тоқсанында аяқталуы тиіс еді. Содан бері тұрғындардың күтуден көзі талды, шыдамы бітті. Мұнда әртүрлі шаршы метрдегі 1,2,3 және 4 бөлмелі үйлер әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы және мемлекеттік қызметкерлерге арнап салынуда.

Ақтау қаласының тұрғыны Раушан Жексенқызы: «Мына үй біте ма, бітпей ма? Жылда күтеміз. Құжаттарын жина деді, жинадық. Алғашқы салымын сұрады, салдық.  Үй жалдап жүрміз, осыған сеніп, – дейді.

Бұл үй тек «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» салымшыларына әрі әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрғандарға ғана тиесілі. Бірақ банк өкілдері үйдің кешіктірілуіне қатысымыз жоқ дейді.

«670 пәтерге 3600 салымшы дайын тұр. Осылардың арасынан іріктеп аламыз. Сондықтан да салымшылар тамыздың 3-і мен 1 қыркүйек аралығында табыс көлемін дәлелдеп шығуы керек», – дейді банк директорының орынбасары Марияш Нұрғалиева

Ал, Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Эльдар Машырықовтың айтуынша, нормативті құрылыс мерзімі бойынша  24 ай болуы керек. Мердігер мекемелердің жұмысшылармен проблемасымен құрылыстың бітуі біраз созылды. Қаржы мәселесіне де тірелді. Қазір проблема жоқ. Мердігер мекемелер барлығы аяқтауға жұмыстануда.

Қазір құрылысты үш мердігер мекеме қолға алған. Екеуі желтоқсанның соңында аяқтап береміз деп сендіреді. Үшінші мердігер «Каскор СМУ» мекемесінің жұмысы баяу. Қалған 200 пәтерді келер жылдың бірінші тоқсанында бітірмек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер