Бейнеулік кәсіпкерлер халықты көкөніс, жеміс-жидекпен қамтамасыз етіп отыр
Аудандағы бір ғана шаруашылық биыл 25 мың тонна өнім беруді жоспарлап отыр
«Былтыр шаруа қожалығын ашып, өз жұмысымызды бастадық. 2019 жылы тек қауын мен қарбыз ектім. Биыл қауын мен қарбызға қосып, картоп пен қияр ектім. Бұйырса алдағы уақытта өзге де өнімдер егіп, ауыл тұрғындарын жергілікті өніммен қамтуды жоспарлап отырмын. Қазіргі таңда қарбыздың бір келісі 120 теңгеден сатылуда. Әрине, өзге өңірлерден келетін өнімдер бар. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажет. Осы орайда жергілікті әкімдіктен қолдау сұрадық» - деді шаруа қожалық иесі Сегізбай Ережепов.
Сондай-ақ, бейнеулік кәсіпкер Әліпбай Кәрібаевтың жылыжайында қияр және дәмдеуіш ас-көктер өсіріледі. Жалпы көлемі 0,2 гектарды құрайтын жылыжай кешенінде 10 тонна қияр өнімін алу жоспарда бар. Бұдан бөлек, аудандағы екі шаруашылықта қауын, қарбыз бен көкөніс өнімдерін өсіреді. Мәселен, «Берекет» шаруа қожалығы 3,5 га жерге қауын, қарбыз егіп, 2019 жылы 5 тонна қауын, 15 тонна қарбыз алды. Биылғы жылы өнімді көбейтіп қауыннан 10 тонна, қарбыздан 15 тонна және картоп пен қияр егіп, 2 тонна картоп, жарты тонна қияр алуды жоспарлап отыр.
«2019 жылы 10 га жерден 50 тонна қарбыз, 40 тонна қауын, помидор мен қиярдан 15 тонна және дәмдеуіш бұрыштардан 5 тонна өнім алдық. Биылғы жылы осы өнімдерге қоса сәбіз де ектік. Алдағы уақытта тоннаға жақын сәбіз аламыз деп отырмыз және қауын мен қарбыз, помидор мен қиярдан да былтырғыдан көп өнім болады деп отырмыз» - дейді «Назар» шаруа қожалығының өкілі Хамит Тарғын.
Ал, жергілікті әкімдік өкілдері шаруаларды қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.
«Аудан басшысы өз кезегінде өзімізден шығатын өнім ең алдымен өзіміздің нарықты қанағаттандырып, содан кейін өзгелерді қамтуы қажеттігін айтты. Бағасы да сай болуы керек. Мемлекет тарапынан қандай да қолдау керек болса, әрдайым дайын екенін, кәсіпкердің ұсыныстарын назарға алып, сала басшыларына тапсырмалар берілді», - деді Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Рахымжан Шалбаев.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: