«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Маңғыстаулық кәсіпкерлер мен елге белгілі азаматтар індетпен күресу жөнінде штаб құрды

2020 жылғы 18 Шілде
- Маңғыстау облысы
2544 просмотров

Әлемді жайлаған короновирус індеті Маңғыстауды да айналып өткен жоқ. Халыққа, барлық әлеуметтік-экономикалық салаларға үлкен соққы беруде

«Ел басына күн туса, ер басына сын туады» деген, халықтың басына қиындық туғанда, көзі ашық, көңілі ояу адам бұл жағдайға бей-жай қарай алмайтындығы сөзсіз. Өңіріміздің бірнеше белсенді кәсіпкер азаматтары, оның ішінде Ақтау қаласы мәслихатының депутаттары бастама көтеріп, облыс әкімі Серікбай Өтелгенұлы Трұмов, Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбаймен ақылдаса отырып, «Халыққа көмек» қоғамдық штабын құрды. Қоғамдық штабты басқару – өңірімізге белгілі кәсіпкер Еділ Жаңбыршинге тапсырылды. Қоғамдық штабтың құрамына облыс, қала, аудан депутаттары және белсенді азаматтар тартылды. Барлығы – 18 адамнан тұрады. Оның алтауы – Жаңаөзен қаласы мен аудандардағы өкілдер. Олардың әрқайсысына жүктелген міндет бар.

Қоғамдық штабтың негізгі мақсаты - халыққа, жергілікті атқарушы билікке, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарға, денсаулық сақтау мекемелері мен ұжымдарына, дәрігерлерге қолдан келетін көмекті жасау.

Бұл штаб билік тарапынан құрылған штабтардың жұмыстарын қайталамайды, керісінше, олардың қолы жетпей немесе игере алмай жатқан шаруалары болса, сол мәселелерді бірлесе шешуге ат салысады. Қазірдің өзінде кейбір елге қажетті жұмыстарды қолға алынды. Мысалы, covid19 бен пневманиядан басқа сырқаттармен ауыратын адамдарға 15 орындық күндізгі стационарлар ашуға мұрындық болды. Облыстық аурухананың істен шыққан МРТ аппаратын жөндеуге 6 млн тг аударып, бөлшектерді жеткізу мәселесі шешіліп жатыр. Қандағы оттегін өлшеуге арналған құрал пульсоксиметрдің 200 данасын алдыруда.  Қан орталығымен жұмыс реттелді, қонақ үйлерде орналасқан дәрігерлерге қосымша берілетін дәруменді тамақтарды жеткізу кестесі жолға қойылды.

«Қоғамдық штаб ел ішіндегі барлық белсенді топтармен, азаматтармен жұмыс жасауға ашық және дайын. Елдің дұрыс ұсыныс, пікірлерін қабылдап, өз жұмысымызға қолдануға әзірміз. Қоғамдық штаб ақпараттық технологиялардың мүмкіндігін пайдаланып, мейілінше ара қашықтықты ұстап, жұмыс істейді. Халықпен байланысу үшін арнайы адамдар белгіленді. Барлық ақпаратты тез арада, жедел жариялап отыру үшін әлеуметтік желілер мен БАҚ-ты пайдаланамыз. Мұндай нәубет еліміздің басынан талай өткен, ата-бабамыз барлығынан бас біріктіріп, абыроймен шыққан! Ел Президенті бұл жағдайды соғыспен теңеп отыр, расында да солай! Қазақ «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді. Сондықтан, ағайын, бабалардың дәстүрін ұстап, күш біріктірейік, бас қосайық! Бірлесе қимылдап, қиындықты жеңіп шығайық! Елімізге тыныштық, отбасымызға аманшылық, денімізге саулық тілейік!»- дейді штаб жетекшісі, МО кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Еділ Терекбайұлы.

Штабтың тағы бір мүшесі Тәжімұрат Найзабековтің бастамасымен оттегі шығаратын жергілікті «Eko Gaz Aktau» зауыты бір ай бойы Маңғыстау облысындағы барлық ауруханалар мен провизорлық стационарларды оттегімен тегін қамтамасыз етіп отыру туралы шешім қабылдады. Сөйтіп зауыт облыстағы медициналық ұйымдардағы қажеттілікті толықтай өтейтін болды. ​Екі апта ішінде 7887 оттегі баллоны, орташа есеппен алғанда күніне 560 баллон жеткізілді. Осылайша кәсіпкер бір айда құны 35 млн тг болатын өніммен өңірді тегін қамтуға бел буып отыр.

«Бұл – кәсіпкер, Ақтау қаласы мәслихатының депутаты, «Халыққа көмек» қоғамдық штабының мүшесі Тәжімұрат Найзабековтың бастамасы. Ол зауыт жұмысын осындай қиын кезде елге көмек көрсетуге бағыттап отыр. Қазір ауруханаларға оттегі үздіксіз жіберіліп отыр, дер кезінде жөнелту - жеткізу мәселесі де жолға қойылған. Ажиотаж жоқ. «Мынадай қиын-қыстау уақытта барлық қиындықтарды көріп, қолдан келгенше көмегімізді көрсетіп жатырмыз. Сондықтан күні-түні жұмыс жасау режиміне көштік», – дейді ​ «Eko Gaz Aktau» ЖШС бас директоры Талғат Жаңабергенов.

Шілденің 1 мен 15-і аралығында зауыт Ақтау ауруханаларына – 4839, Жаңаөзенге – 579, Бейнеуге – 813, Шетпеге – 266, Жетібайға - 217 және Форт-Шевченкоға ​ - 548 оттегі баллонын жеткізді. ​ Сонымен бірге Ақтау қаласының жеке тұлғаларына 625 медициналық баллондар бөлінді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер