«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түйедегі күл сырқатының зардабы қандай?

2020 жылғы 15 Маусым
- Маңғыстау облысы
3084 просмотров

Маңғыстауда былтыр түйелердің жаппай қырылғаны есімізде. Оны біраз зерттеген арнайы мамандар «күл сырқаты» деген диагноз шығарған. Негізгі белгілері – Ойсылқара тұқымының аузы түгел бөртіп, уылып, азық жейтін шамасы болмай, сұлап түседі

Бір ғана «Таушық» шаруа қожалығының өзінде 144 түйе арам қатқан. 1200 бас түйесі бар шаруашылықтың түгелге жақын малы ауырған екен. Шаруашылық жетекшісі Сәндібек Қосуақов:

«Біздің бір мың бас түйе ауырды. Мал жаппай қырылып жатқанда жергілікті билік хабар алған жоқ. 144 түйе өліп қалды. Бір маман келіп қораларға бір күн залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді де, кейін төбе көрсетпестен кетті. Өзіміз дәрісін алып, майын жағып сырқаттан аман алып қалған түйелер бар. Сырқаттың салдарынан 94 аруана бота тастады. Олардан күніне сауылуы тиіс 540 литр сүт биыл жоқ. Демек шаруашылық күніне 300 мың теңгеден астам шығынға ұшырап отыр деген сөз», – дейді.

Ал,  Маңғыстау облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шамғали Хамиевтің айтуынша, былтыр Маңғыстауда күл ауруынан 21 түйенің өлгені ресми нақтыланған. Көрсеткіштің ондаған есе қысқарып кеткеніне шаруалар шамданып қалды. Ауруын жасырған өледі. Сөз бұйдалыққа салмай, мәселені ашық айтып, нақты шешкен дұрыс дейді олар.

Ендігі шаруалардың талабы: арнайы комиссия құрылып, қырылып қалған түйелердің 50% өтемақысын өндірту. Бұл сырқаттың дәрісін тауып, онымен қамтамасыз ету жолдарын шешу. Өйткені, күн салқындай бастағанда ауру қайта өршіп, малшылар таздың қалпын қайта кешуі әбден мүмкін.

Түйелердің жаппай қырылу жағдайы соңғы рет 90 жылдардың басында болған көрінеді. Ол кезде арнайы вакцина Мәскеуден шығарылатын еді. Кейін бұл дәрілерге сұраныс болмағандықтан өндірістен шығып қалған. Қазіргі уақытта Қазақстанда және Кеден одағына мүше елдерде түйенің күл ауруына қарсы вакцинасы шығарылмайды. Осы жайтты ескерген, ҚР Білім және ғылым министрлігі Биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми зерттеу институтының ғалымдары ауруға қарсы жаңа вакцинаны жасады. Өткен жылдың ақпан айында ғалымдар Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы шаруашылықтарында жаңа вакцинаны өндіріске енгізу алдындағы сынақ жұмыстарын жүргізген болатын.

«Бейнеудегі үш шаруа қожалығының 110 түйесіне зерттеу ретінде дәрі егілді. Әзірше, оның кері әсері байқалған жоқ. Күл ауруына қатысты мәселе алдағы уақытты туындамауы тиіс. Сырқаттың алдын алу шараларын бастап кеттік. Отар стансасынан арнайы келген мамандардың вакцинасы дайын тұр. Екі айдың шамасында өңірлерге келіп те қалады. Тек соны ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі шаруашылық қожалықтарына алып беруі тиіс», – дейді Шамғали Смитұлы.

Ал, шаруаларға шығынға ұшыраған малдарына өтемақы төлеу мәселесі басы ашық күйі қалғалы тұр. Өйткені өтемақы талап ету үшін малшыларға әрбір өлгені түйесіне зертханалық қорытынды болуы шарт. Ең қиыны – күл ауруы өтемақы төленетін сырқаттар тізіміне енбеген.

Бұл жайт ғалымдарды да толғандырып отыр. Ауылшаруашылығы саласының білгір маманы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Құрметті профессоры» Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасына қарасты Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Күзембай Ерғалиев:

"Қазақстандағы түйе шаруашылығының үштен бірі Маңғыстауда шоғырланған. Ойсылқара түлігін үйде байлап бағу мүмкін емес. Олар дала кезіп, жайылымда жүретін жануар. Шөлге, ыстық пен суыққа төзімділігі тағы бар. Бұл ауру былтыр Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбені шарлап кетті. Маңғыстауда түйелердің өлуі Жаңаөзеннен басталды. Шаруалар біршама қиналды. Енді бейқам отырмай мынадай үш сатыда жұмысты қолға алу керек деген ұсыныс айтамын. Бірінші, мал сырқатының диагнозын дұрыс қою, нақты сәйкестігін анықтау. Екінші, емдеу шаралары. Ем сапалы, мемлекет тарапынан қолдауға ие болуы керек. Үшінші, аурудың алдын алу шараларын қазірден бастап кету қажет. Арнайы екпе жұмыстары жүйелі жүргізілуі шарт»,- дейді ғалым.

Түйінін айтар болсақ, күзге салым былтырғы сырқаттың кебін киіп қалмау үшін шаруалар, ветеринарлар және жергілікті билік үшжақты жұмыла әрекет етуі қажет. Олай болмаған жағдайда «шұбаттың отаны» саналатын Маңғыстауда ұлттық сусын қат болып, Ойсылқара түлігі күрт азайып кетуі әбден мүмкін. Мұндай ауыртпалықты өз күштерімен әупірімдеп күн көріп келе жатқан шаруашылықтар көтер алмасы анық.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер