«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жас дизайнердің дара жолы

2020 жылғы 01 Маусым
- Маңғыстау облысы
4768 просмотров

Жадыра Әмірханова киім дизайны саласына небәрі екі жыл бұрын келді. Қанмен берілген қасиет қойсын ба?

Анасы тігіншілікті жақсы меңгерген екен. Студент шағында ұлттық киім дизайнерлерінің киімін көпшілікке көрсететін сәнгер боп еңбек еткен. Мамандығы экономист болса да, бала кезінен анасынан көргенін көкірегіне түйіп өскен бойжеткеннің өзіне беймәлім қыры отау құрып, кішкентайы өмірге келгенде белгілі болды. Бала күтімімен үйде отырған соң тігіншілікті қолға ала бастады. Алдымен шағын тігін шеберханасын ашып, күнделікті киетін көйлектер тіге бастады. Сонан соң «Aisha bibi» дизайнерлік киім салоны ретінде кеңейтті. Бұл атауды қазақи, құлаққа жағымды, жүрекке жылы тиген соң таңдап қойған. Қазір онда 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Дизайнерлік киім тігетін  шеберханада тапсырыс та толастаған емес. Айына шамамен 20 дизайнерлік көйлек, 25-30 дана бешпент, кәжекей, камзол тігіп келеді. Қазақша киімдермен қатар заманауи, сәнді киімдер үйлесімін тауып ерекше стильде тігілуде. Топтамалар шеберханадан бөлек киім дүкендерінде саудаланып жатыр.

Жадыраға идея мен шабыт тосыннан келеді екен. Көбіне шетелдерге сапарларға шыққанда, кейде тіпті әлеуметтік желілерді ақтарғанда теңдессіз ойлар келіп, дизайндарды үйлестіру қабілеті шарықтай түседі.

Дизайнерлік киімдердің маталары да көптің бірінде кездесе бермейтін, ерекше таңдаумен әкелінеді. Маталар мен тігінге қажетті бөлшектер Дубай мен Түркиядан тасымалданады. Бағалы маталар мен тың идеяның қосылуынан қайталанбас, айрықша киімдер тігіледі.

«Дизайнерлік киімдердің ерекшелігі- көшірме болмауы тиіс. Біреудің саған дейін тіккен киімінің моделін «ұрлап» шығара алмайсың. Жан-жақты ізденістің, толыққанды идеялардың жемісі- жаңа туынды болып шығады. Біреудің ойын айна қатерсіз қайталауды түсінбеймін. Әр адам өз дизайндық шеберлігімен, өз стильі, өз ерекшелігімен танылуы керек»,- дейді Жадыра Әмірханова.

Адал еңбек, төккен тер ақталмауы мүмкін емес. Жадыраның жұмыстары да үлкен ортада жақсы бағаланып жүр. Нұр-Сұлтан қаласында өткен «ALTYN OIMAQ» көрме-байқауына  дизайнерлік киімдері қойылды. Сонан соң Қызылорда қаласында өткен «Сән мен сахна» байқауына қатысып, бас жүлдені қанжығасына байлап келді. Жадыраның идесымен тігілген ұлттық киімдер, түйе жүнімен сырылып салынған жадағайлар, қазақи нақыштағы аяқ киімдер көпшілікті тәнті етті. Үлкен қошемет пен марапатқа бөленіп келді. Мұндай қуаныштар дизайнердің шабытына шабыт қосып, дизайнерлік шеберхананы сән үйіне айналдыру туралы ой келді. Қазір сән үйінің ғимараты дайын. Адам санын 15-ке дейін көбейтіп, күзге қарай ашуды жоспарлап отыр. Үлкен сән үйі күнделікті  стильді киімдер мен спорттық үлгідегі костюмдер тігуді қолға алуды көздеп отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер