Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құны қатаң бақылауда
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті бағасы анықталды
Аталмыш тауарлардың құнын көтерген жағдайда бизнеске 100 АЕК (265 100 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынады, ал бір жыл ішінде бұзушылық қайталанса 200 АЕК (530 200 теңге) көлемінде болады. Бұл туралы МО кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев Өңірлік қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
ТЖ режимінің әрекет ету кезеңінде мына тауарларға шекті бағалар белгіленеді: 1) бірінші сұрыпты бидай ұны, 2) бірінші сұрыпты ұннан пісірілген («кірпіш» пішінді ) наны, 3) кеспе (рожки), 4) қарақұмық жармасы, 5) күріш, 6) сиыр еті (сүйектері бар күректі-кеуде бөлігі), 7) тауық жұмыртқасы (I санат), 8) күнбағыс майы, 9) ас тұзы («Экстрадан» басқа).
Баға әр өңір үшін бөлек белгіленген. Мәселен, 1- сұрыпты ұннан 1 кг нан Нұр-Сұлтан қаласында ең көп дегенде- 150 теңге, Алматыда – 146 теңге, Шымкент қаласында – 146, Маңғыстау облысында –164 теңге. Бір бөлке нан (тек қана «кірпіш» пішінді) – 550 грамм екенін ескерсек, Нұр-сұлтан қаласында – 82,5 теңгеден, Алматыда– 80,3, Маңғыстауда - 91 тг т.б.теңгеден аспайды.
Әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарларының бағасын онлайн режимде мониторинг жасауға мүмкіндік бар. Ол үшін http://dosmart.kz сайты іске қосылған. Бұл платформаға тізімдегі тамақтардың бағасы өскен жағдайда, дәлел ретінде фотосурет немесе чек жібере алады. Мұны әкімшіліктер де, қарапайым сатып алушылар да қолдана алады. Қоғамдық мониторинг есебінен бағаларды бақылау жүзеге асырылатын болады. Осылайша талапты сақтамаған кәсіпкерге ҚР ӘҚБтК-нің 202-бабы бойынша айыппұл салынады. Жазаның басқа да баламалы түрі қарастырылмаған.
Сауда, ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика министрліктері Қазақстан Республикасында төтенше жағдай кезінде "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағасын енгізу туралы" бірлескен бұйрыққа қол қойды. Демек, бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды.
«Бизнестегі мәселелер бойынша бүгінгі күнге дейін өңірлік кәсіпкерлер палатасына 3 мыңнан астам сауал келіп түсті. Соның 247-і республикалық деңгейге жолданды. Қазір 70 өтініш сауда орталықтарына байланысты болып, мәселелер шешілді. Қалғанына жергілікті жерде көмек көрсетілуде. Тауар тасымалдаушы, тамақ жеткізу қызметімен айналысатын кәсіпкерлер мен полиция арасында түсініспеушіліктер жиі болып тұрады. Осы мәселеге араласып, шешу жолдарын тез арада тауып отырмыз»,-деді МО кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев.
Қазір облыста барлық сауда орталықтарының жұмысы тоқтаған. Сатушыларды жалға алу төлемінен толық босату мәселесі шешілуде. Тек азық-түлік сататын сауда орындары мен дәріханалар таңертеңгі сағат 9 бен 21 аралығында ашық тұр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: