Кәсіпкерлік аясы кеңейеді
Бүгін Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығында Өңірлік кәсіпкерлер палатасында 2019 жылы атқарылған жұмыс нәтижесі мен 2020 жылғы жоспарлары туралы брифинг өтті
«Өткен жылы Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасына 134 іскер араша сұрап, арызданды. Олардан 76-сы оң шешімін тауып, кәсіпкерлердің құқығы қорғалды. Нәтижесінде 1,8 млрд тг бизнеске өндірілді. Күрделі мәселелер негізінен жер қатынастары, сатып алулар, сервистік қызмет, мемлекеттік органға шағымдану болып келеді, – дейді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев.
Қазір Маңғыстау облысында 54 мыңға жуық бизнес субъектісі бар. Жыл сайын өңірде 4 мың жаңа кәсіп ашылуда. Облыстағы «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша жобалар құны - 57 млрд теңгеге жетіп, республикада 1-орында тұр. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1705 жұмыссыз адам оқытылса, «Жас кәсіпкер» арқылы 700 адам бизнес білім алды. Олардан 626-сы жеке кәсібін ашты. Іске асқан жобалар құны – 826 млн тг құрайды.
«Атамекен» микроқаржы ұйымы 2016 жылы 11 наурызда құрылды. Шағын несиелер жарғылық капитал есебінен (588 236 000 теңге) және «Еңбек» бағдарламасы бойынша тартылған қаражат есебінен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ операторы арқылы беріледі. 4 жыл ішінде жалпы сомасы 2 207 245 мың теңге және 405 шағын несие берілді. 2019 жылы – 599 000 мың теңге, 106 кәсіпкерге шағын несие берілді», – деді «Атамекен» МҚҰ директоры Ботагөз Сынабаева.
Биылдан бастап алғаш рет Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры бизнес алдында 2019 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Аудандар мен қалаларды аралап, кәсіпкерлермен тікелей кездесіп, толғандырған мәселелерін білді.
Елімізде цифрландыру жүйесіне қосылу мақсатында жүзеге асқан «Atameken services» электронды қызметі көмегімен 5 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген. 6 мыңға жуық іскерге электронды қызмет көрсетілді.
Маңғыстауда «Қарапайым заттар экономикасымен» 71 жоба қарастырылды. Соның 38-і нақтыланып, құны 57 млрд тг болатын мал өсіру, көкөніс егу, қойма қызметі, пластик шығару, медициналық қызметтер т.б. кәсіптер ашылды.
Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының күшімен өңірлік скрининг өтті. Оған облыстағы үй шаруасында отырып, кәсіппен айналысқан 95 мыңнан астам адам қатысты. Оның қорытындысы кәсіпкерлердің әлеуметтік салаларын анықтау, елді мекендердің экономикалық базасын анықтау, аудандардың мамандандыру карталарын қалыптастыру, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бизнес-жобаларды жасақтауға көмегін тигізбек.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: