«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Бизнеске арналған үкімет» жүйесінің пайдасы орасан

2020 жылғы 13 Қаңтар
- Маңғыстау облысы
4139 просмотров

Маңғыстау облысында өткен жылдың сәуір айында іске қосылған «Бизнеске арналған үкімет» жүйесі кәсіпкерлер жұмысын ширата түсті.

Осы уақыт аралығында 5700-дей іскер жаңа қызмет түрін пайдаланған. Кәсіп ашу, оны сәтті жүргізу, кедергілерді болдырмау мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша сапалы қызмет көрсетіліп отыр. «Бизнеске арналған Үкімет» жобасы аясында жұмыс істеп тұрған: қаржыландыру; өткізу; цифрлы қызмет көрсету; құқықтық сүйемелдеу және оқыту деп аталатын 5 аймақ бар. Бұдан басқа мемлекеттік қызметтерді де осы орталықтан алуға болады. Онда сандық жүйе арқылы бір кілттің көмегімен бизнеске қажетті орталықтандырылған қызметтің барлығын алады.

Марат Бегімов Ақтау қаласында шаштараз кәсібін қолға алды. Бір жыл бұрын «Бастау бизнес» жобасымен білім алып, жеке ісін өркендетіп отыр. Кәсіпкерлер палатасына өзін толғандырған сұрпақтармен жиі бас сұғады. Мамандардан уызша кеңес алған соң, онлайн қызмет түріне жүгінуде.

«Мен мұнда жиі келемін. Білікті мамандар кеңестерін береді. Бұл жолы салық төлеу, есеп тапсыру бойынша хабарласып отырмын. Заң тұрғысынан да кеңес алдым. Тегін қызмет түрін лезде алып, кабинет аралап, сабылмай жұмысымды бітіріп кетіп бара жатырмын. Онлайн қызмет көрсетудің ұтымды тұсы осы»,- дейді кәсіпкер.

Барлық қызметті бір орталықтан алуға қолайлы жүйені іскерлер өзіне өзі қызмет көрсету аймағында қолдана алады немесе үйден шықпай-ақ тиісті жұмысты жүзеге асыруына мүмкіндік мол.

«Кәсіпкерлер бизнесін бастап кеткен соң, сайт ашу, тауарын ғаламтор көмегімен сату сынды әдістерді қолданғысы келеді. Олар біздің цифрлы қызметтерімізді пайдалануына болады. Жаңа жылдан бастап бұрын-соң болмаған тың жобаны қолға аламыз. Отандық тауар өндіруші өз өнімін қай нарыққа шығара алады, қалада қандай сауда орталықтарында бос орындар бар, кімдерден сұраныс көп екені туралы ақпаратқа жылдам қол жеткізе алады. Осы тұста өңірлік кәсіпкерлер палатасы сауда орталықтарымен арада жасалған меморандум арқылы тиісті сүйемелдеу қызметін көрсетеді. Барлық кеңес тегін»,- деп ой қорытты МО кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қызмет көрсету бөлімінің басшысы Аққу Айтжанова.

2020 жылдан бастап «Бизнеске арналған Үкімет» жобасы аясында кәсіпкерлерге тағы да тың жобалар қосылатын болады. Мұның бәрі іскерлердің уақытын үнемдеуге, қағазбастылықтан арылуға, қашықтықта отырып орталыққа жүгірмей барлық қызметті алуға барынша жағдай жасау мақсатын көздейді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер