«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Маңғыстауда жас кәсіпкерлер форумы өтті

2019 жылғы 24 Желтоқсан
- Маңғыстау облысы
4390 просмотров

Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында «Атамекен» ҰКП аудандық филиалы мен аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жас кәсіпкерлер форумы өтті

Форумға 65 жас кәсіпкер қатысты. Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Жалғас Теміров ауданның кәсіпкерлік саласына қосқан үлесі үшін жас кәсіпкерлерге Алғыс хат табыстады.  

Ал, «Атамекен» ҰКП Бейнеу аудандық филиалының директоры Роллан Ережепов:

«Қоғамның негізгі қозғаушы күші – жастар. Биылғы Жастар жылы жас кәсіпкерлер де ерекше қолдауды көрді. Түрлі гранттар алып, кәсіптерін ашты. Бұл форум жастарға серпін беру, ынталандыру, бизнес жайлы білімін жетілдіру мақсатында өтіп отыр. Шарада марапат та, мақтау да, құрмет те, ең бастысы қажетті ақпарат пен таптырмас білім жас кәсіпкерлерге беріледі. Биылғы жастар жылын толағай табыстармен аяқтағалы отырмыз»,- дейді.

Сонан соң ауыл іскерлерімен етене қызмет етіп, қолдау білдіріп отырған кәсіпкерлер палатасының Бейнеу аудандық филиалының қызметкерлері үздік жобаларды сүйемелдеуші Меруерт Питегенова, үздік менеджер кеңесші Әділбек Туғанбаев, үздік сервис менеджер Айнұр Сақтағанова деп танылып, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Шарада «Үздік жас кәсіпкер» конкурсының жеңімпаздары да анықталды. Солардың бірі – Нұрсұлу Эбишиева. Бала кезден әсемдікке құмар ол биыл жеке сұлулық салонын ашты. 29 жастағы кәсіпкер 16 жасынан шаш қиып, нәпақа тауып келген. Қазір әмбебап шебер. Көп балалы аналарға, мүгедектер мен зейнеткерлерге қайырымдылықты жиі жасайды.

Олар 5 аталым: ауылшаруашылығы, қызмет көрсету, тамақтандыру, сұлулық салоны және қолөнер салалары бойынша  сарапқа салынды. Үздіктер арнайы диплом және сыйлықтарға ие болды.

Форум барысында биыл өңірде жүзеге асқан «Zhas Project» жобасы жөнінде аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Тұралы Жолышов айтып өтті. Одан әрі «Капитал» қаржылық сауаттылық мектебінің негізін қалаушы, бизнес-тәлімгер, кәсіпкер Айболат Айтқали арнайы шеберлік сабағын өткізді. Шара соңы арнайы ұйымдастырылған лоторея ойынымен жалғасып, жеңімпаздарға жас кәсіпкерлер ұсынған ұтыс сертификаттары табысталды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер