«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тасымалдау және жер мәселесі: бизнес-омбудсменмен кездесуде кәсіпкерлер қандай проблемаларды қозғады

2019 жылғы 29 Қараша
- Маңғыстау облысы
9274 просмотров

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды

29 қарашада бизнес-омбудсмен Ақтау қаласында өңір әкімі Серікбай Трұмовпен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды.

Атқарылған жұмыстар туралы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев баяндады. 2019 жылдың 11 айында Маңғыстау облысының Кәсіпкерлер палатасы 519 өтінішті қарады, оның 129-ы бизнесті қорғау саласы бойынша. Бүгінгі таңда келіп түскен өтініштердің 51%-ы шешілді. Жалпы алғанда, кәсіпкерлердің 1,62 млрд теңгеге мүліктік құқықтары қорғалды.

Кездесу барысында тараптар өңірдегі кәсіпкерліктің негізгі мәселелері бойынша бірлескен Жол картасына қол қойды.

Бұдан кейін Маңғыстау облысының Кәсіпкерлер палатасында Болат Палымбетов кәсіпкерлерді жеке қабылдады.

"Өңірдегі ең жиі кездесетін мәселе - жолаушылар тасымалы. Мысалы, автобуста 7 жасқа дейінгі балалар тегін жүреді,7 жастан 15 жасқа дейінгі балалар үшін 50% жеңілдік беріледі. Бар жеңілдік осы. Жергілікті әкімдік 10 түрлі санат бойынша тегін тасымалдау міндетін қойды: көп балалы отбасылар, мүгедектер және т.б. Дегенмен, мұнда жол жүру құны ел бойынша төмен, небәрі 50 теңге. Біз жоғарыда көрсетілген санаттағы азаматтар үшін субсидия төлеуді өтіндік", - деп, "Жолаушы-Ақтау" ЖШС-нің директоры Руслан Ахметнәбиев қабылдау кезінде тасымалдау проблемасын қозғады.

Сондай-ақ, кәсіпкерлердің көпшілігі жер телімдері, сұйытылған газды пайдалану және балабақша жұмыстары тәрізді мәселелерді айтты.

"Өңірдегі бизнесмендердің мәселелерімен толық танысып шықтым. Оларды шешу жөнінде нақты шаралар қабылданатын болады. Барлық ұсыныстарды біз тиісті мемлекеттік органдарға енгіземіз. Мұнда айтылған мәселелерді жауапсыз қалдырмаймыз", - деп түйіндеді Болат Палымбетов.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдың ақпан айында ҚР Тұңғыш Президенті кәсіпкерлерді қорғау жұмыстарын күшейту мақсатында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметін енгізуді тапсырған болатын. 2017 жылы бизнес-омбудсмен ҚР Президенті

жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның құрамына енді.

2016-2018 жылдары бизнесті қорғау бойынша 17 мыңнан астам өтініш түсті. Кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқықтарының сомасы 110 млрд теңгені құрады. Бұл - кәсіпкерге қайтарылған айыппұлдар мен өсімақылар. Өтініштердің басым бөлігі жер, салық, сатып алулар және құқық қорғау органдарының әрекеттеріне қатысты түскен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер