«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Бастау» түлегі шағын ауылдан кәсіп ашты

2019 жылғы 25 Маусым
- Маңғыстау облысы
3529 просмотров

Лаура Тұрғанбаева өткен айда ғана «Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік курсын тәмәмдаған-ды.

Бір айлық оқу барысында бизнесті бастау және соны сауатты жүргізу, салық төлемдері мен несие, кәсіптің кірісі мен шығынын дұрыс есептеу сынды түрлі әдістерді толық меңгерді. Бұрын ағылшын тілі мұғалімі болып еңбек еткен ол кейінгі жылдары жұмыссыз қалған еді. Қол қусырып отырғанша ауылдың қыз-келіншектерін әрлеуге ынта білдіре бастады. Кәсіп ашып, елден ерекше қызмет көрсететін сұлулық салоны болғанын армандады. Асқақ арманы алдамады. Үш баланың анасы отбасы мен кәсіпті қатар алып жүруге бел байлады. Сөйтіп, Мұнайлы ауданының  Қызылтөбе ауылынан елді мекенде оған тең түсер бәсекелесі жоқ сұлулық студиясын салтанатты түрде ашты. 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті.  

Сән-салтанаты келіскен салонда жоғары деңгейде қызмет көрсетіледі. Шаш қию мен сәндеу, бет әрлеу, тырнақ пен қас реттеу сияқты қыз-келіншектерге қажетті қызмет түрінің бәрін жасайды. Салон соңғы үлгідегі жиһаздармен жабдықталып, жаңа әрі озық техникамен жарақтанған. Бұл кәсіптің басқалардан артықшылығы да сонда. Жас кәсіпкердің айтуынша, жұмысшылардың жалақысы мен ғимараттың жалдау төлемін қоспағанда айына шамамен 250 мың теңге табыс табуды көздеп отыр. Сапалы қызмет көрсету арқылы тұтынушы санын арттырмасақ, кемітпейміз деген сенімдеміз,– дейді ол.

Лаура студиясына тұтынушыларды алдын ала жазылу арқылы қабылдайды. Өзі барлық қызмет түрін игерген хас шебер. Жұмысшыларының көбін өзі үйретіп, оқытып алған. Мұнда қызмет құны да қаладан әлдеқайда арзан. Ауылға арналған бағаны ұстап тұрмыз,  дейді шеберлер.

 

«Қыз-келіншектердің уақытын үнемдеу мақсатында тұтынушыға бір мезгілде бірнеше қызмет көрсетіп, ханымдарды адам танымастай жарқыратып шығарып саламыз. Әр саланың шеберлері бөлек болғандықтан жылдам әрі сапалы жұмыс жасалғанын қатаң қадағалаймын»,- деп ойымен бөлісті Лаура Тұрғанбаева.

Енді мұндай сұлулық студияларының қатарын аудан бойынша көбейту жоспарда бар.  Ауылдың қыз-келіншектері орталықта, қалада көрсетілетін жоғары әрі сапалы қызметтерді ауылдан ұзамай, алысқа сабылмай-ақ осыннан алатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер