«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«NUR SHAH» бренді – ұлттық киімдердің төресі

2019 жылғы 19 Наурыз
- Маңғыстау облысы
16142 просмотров

Маңғыстаудағы «Nur shah» сән үйінің негізі 2001 жылы Ақтауда шағын шеберхана ретінде қаланған еді. Уақыт өте келе, сапалы өнімдерге сұраныс артып, тапсырыс толастамады. 18 жыл ішінде өнеркәсіп қарыштай дамып, бүгінде 50 адамды жұмыспен қамтып отырған ұйыған ұжым, үлкен брендке айналды.

Қазір мұнда бешпет, кажекей, камзол, жадағай, шапан, костюм, көйлек, сәукеле, тақия, әшекей бұйымдарының жүздеген түрі тігіледі. Құнды маталарға ою-өрнек салып, күміс әшекейлер, кестелер мен моншақтар төгіп қайталанбас ерекше әдістермен жасалады. Киімдердің құны тапсырыс берушінің талғамына, жұмыстың күрделілігіне, жұмсалған заттардың бағасына қарай қойылады. Киімдер ер адамдарға, әйелдерге, жастар мен жасамысқа, тіпті балаларға да тігіледі.

Нұржамал Нұрпейісова, дизайнер, «Nur shah» сән үйінің негізін қалаушы :

«Соңғы топтамамды «Қыз Жібек» деп атадым. Көбіне жасыл түсті таңдадық. Бір сәукеленің өзі 1 айдан астам уақытта дайын болды. Әжелеріміздің, аналарымыздың киген үлгілерін заманауи ортаға қайта әкеліп жатырмыз. Мен шетелдерге жиі саяхаттаймын. Әртүрлі нәрседен шабыт келеді, идея туады. Соның бәрін қазақи нақышта көремін. Әрбір туындыма ұлттық бояу, өзімізге ғана тән қолтаңбаны қалдыруға ұмтыламын. Заманауи үлгідегі киімдердің өзінде ұлттық болмысымызды ескеремін. Менің киімдерімнің үлгісін «ұрлап», көшірмесін шығаратындар көп. Мен оларды заң жүзінде қудалап, уақытты текке кетірмей, үлгілердің тың түрін ойлап табуға жұмыстанамын. Қазір бүрмелі етек көйлектер, күміс, моншақпен декор жасалған, қолмен әшекейленген киімдер сәнде. Біздің киімдерге сұраныс өте көп».

Сән үйінің киімдері қойылған шоу рум Астана, Алматы, Атырау, Жаңаөзен мен Ақтау қалаларында бар. Тапсырыстар тек Қазақстанның аймақтары ғана емес, алыс-жақын шетелдерден де жиі түседі.

Ақтау қаласының тұрғыны Гүлназ Көңілімқосованың айтуынша, енесінің киіміне тапсырыс беруге келген. «Nur shah» үлгісі ерекше. Қазір күмістеп, бағалы тастармен тігетін осы  жер ғана. Бүкіл қуаныштарға осы сән үйінің көйлектерін киіп шығады екен. Тіпті өзінің ұзатылу тойында да Нұржамал ханымның киімдеріне таңдау түскен.

Дарынды дизайнердің пікірінше, маңғыстаулықтар ұлттық киімдерді наурыз мерекесінде ғана емес, жыл он екі ай үстінен тастамайды. Көпшіліктің ортасына барғанда өз қолынан шыққан сан түрлі киімдерді көргенде жүрегіме қуаныш ұялайды, – дейді ол.

Сән үйінің ең ірі жұмыстарының бірі атақты футболшы Криштиан Роналдоға тіккен сырт киім. Көк байрақтағы күн мен қазақтың ою-өрнегі салынған сүртүкті отандастарымыз да үлкен сұраныспен киіп жүр. Нұржамал ханым көздің жауын алар туындыларымен алдағы уақытта да өз тұтынушыларын қуантуды толастатпақ емес. Жылына бірнеше мәрте жаңа топтамаларын дайындап,  сән көрсетілімін жасауды жалғастыра бермек! 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер