«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Студенттер Кәсіпкерлер палатасының жұмысымен танысты

2019 жылғы 28 Ақпан
- Маңғыстау облысы
3872 просмотров

Маңғыстау туризм колледжінің студенттері өңірлік кәсіпкерлер палатасына экскурсия жасады. Шараны ӨКП-ның адами капиталды дамыту бөлімі ұйымдастырды. Болашақ маркетолог мамандарды осы саладағы барлық сұрақтар қызықтыратыны байқалды

«Өнімді тұтынушыларға өткізу жолы қандай? Маркетолог бұл үшін қандай әдістерді ұтымды пайдалана алады? Біз болашақта кез-келген тауарды халыққа өтімді етуіміз үшін қандай кеңес берер едіңіз?» деген студенттердің сұрақтарына кәсіпкерлер палатасының 1-санатты сарапшысы Мұрат Тоқсанбаев жауап берді:

«Тауардың өтімділігі оның жарнамасына тікелей байланысты болады. Ең тиімді жолы- өнімнің ерекшелігіне, дәл сондай тауармен салыстырғанда артықшылығына баса назар аудару керек. Нарықты зерттесек, әр өнімнің өзінің басымдық беретін тұстары болады. Мәселен, кейбір ұялы операторлардың ғаламторға қосылу сапасы өте жоғары болса, олар соны алға тартады. Кез-келген өнімді өткізу құпияларын алдын ала зерделеп алған дұрыс».

Студенттер болашақта қолға алғысы келетін бизнес-жобаларын да ортаға салды. Жастарды жергілікті сиыр, жылқы, түйе еттерін бұқтырып, консервілеу, шаштараз, сұлулық салонының маркетингін дұрыс жүргізу туралы ақпарат қызықтырды. Шәкірттер Маңғыстау туризмін дамыту маркетингін қолға алу қажет деген ойда. Тарихи жәдігерлер мен қасиетті әулиелі мекендер шетелдіктерді елге тартуға үлкен септігін тигізеді. Каспий теңізінің сұлулығы мен мүмкіндігін де пайдаға асыруға болады, осылайша әлемдік саяхатшылар арқылы өңірді дүниежүзіне паш етуге үлес қосуға дайын екендерін жеткізді. Сөйтіп тәлімгерлер күнделікті сабақта теория жүзінде оқып-білген мәліметтерін, көзбен көріп, жүзеге асу жолдарын қарады.  

Эскурсия соңында кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Мұрат Тоқсанбаев студенттерге бизнес пен маркетингтің қыр-сырынан мағлұмат беретін кітап табыстады.  

Сондай-ақ, Ақтаудағы АТ лицейі оқушылары да бизнес нысандарын аралап көрді. Білім ошағында «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін алғашқылардың бірі болып оқып жатқандар сұлулық салонын ашып, оның өркендеуін жолға қою тәсілдерін игерді. Бәсекелес ортада бизнестің тұралап қалмауы үшін баға саясаты, сапалы қызмет көрсету, соңғы үлгідегі техника мен химиялық құралдарды пайдалану сияқты әдістермен танысты. Көшпелі сабақ алдағы уақытта басқа да кәсіпорындарда жалғаспақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер