«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Маңғыстаулық 5500 кәсіпкер сауалнамаға қатысты

2019 жылғы 26 Ақпан
- Маңғыстау облысы
5158 просмотров

Сауалнаманы жүргізудің мақсаты- өңірдегі әрбір кәсіпкермен жеке сөйлесіп, пікірін білу, тығыз байланыс орнату, іс жүргізуде туындаған түйіткілді мәселелерімен жете танысу, жаңадан қосылған онлайн-қызмет түріне тіркеу.

Маңғыстау облысында кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізу осы жылдың 17 қаңтарында басталып кетті. Қалалар мен аудандар,ауылдарда бүгінге дейін 5500 кәсіпкер сауалнамаға қатысып, ой-пікірін білдірді. Қазір Маңғыстауда 67 142 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр. Соның 49 989-ы call-centre арқылы, ал 18 153-і ӨКП қызметкерлердің өздері нысанды аралап толтыруымен жүзеге асады.

Кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігімен танысу үшін «Атамекен» ҰКП 300 қызметкері, ал өңірлік палатаның  20 шақты маманы таңнан кешке дейін сұрақтарға жауап алып, сауалнама жұмыстарын жүргізіп отыр.  

Сауалнама толтыру алдымен Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласы, Баутин мен Аташ кенттерінен басталды. Аудан әкімдігі сауалнаманың сәтті өтуіне мұрындық болып, кәсіпкерлермен әңгімелесуге барынша жағдай жасады. Қазір бұл аудандағы 1586 кәсіпкер туралы мәлімет дайын. Сонан соң жұмыс тобы Мұнайлы ауданына барды. Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Қарақия, Бейнеу, Маңғыстау аудандарында да жұмыс қарқынды жүріп жатыр.     

Сауалнама аясында «Atameken services» порталының қызметі де түсіндіріліп жатыр. Маңғыстаулық 534 бизнес-субъектісі осы порталдың қызметіне жүгініп үлгерді. Онлайн қызмет түрі арқылы кәсіпкер 60-тан астам тегін сервистік қызмет алады. Төрт негізгі бағыт бойынша көрсетілетін көмектің алғашқысы – «Несие агрегаторы.» Оны қолданған кәсіпкерлер үйден шықпай-ақ барлық банктер мен қаржылық ұйымдарға несие алуға өтінім бере алады. Екінші,бизнес білімді кеңейту және қызметкерлерді қайта оқыту үшін «Atameken.Academy» сервисі көмекші құрал болады. Үшінші,  кәсіби заңгерлік көмек «Құқықтық қорғау» бөлімінде қолжетімді. Төртінші, өтінім берушілерге бизнес-жоба, салықты есептілік, нарыққа маркетингтік зерттеу жүргізу тегін көрсетіледі.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы да «Atameken Services» қызметіне жүгінуге болады. Мұнда іскерлер бухгалтерлік және салықтық есеп, статистикалық есепті құру, маркетингтік сұрақтар, мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша онлайн-порталға өтінім жіберуіне толықтай мүмкіндігі бар. Осылайша кәсіпкер уақытын үнемдеп, кезекте тұрып, қағазбастылыққа ұрынып сабылмай аса тиімді қызметтерді қалаған жерінде отырып алуына болады.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы онлайн-сауалнаманы да іске қосты. Ол үшін сілтемеге өтіп, сауалнаманы толтырып, бар-жоғы 4 сұраққа жауап беру жеткілікті. Сауалнама қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.

Телефонмен қоңырау шалу, сонымен қатар бизнес-объектілерге барып, кәсіпкерлермен тікелей тілдесу арқылы бизнес-қоғамдастық өкілдерінің мәселелерін білу шарасы мамыр айына дейін жалғасады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер