«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер мәселесін әділ, жүйелі әрі шұғыл шешу – міндет

2019 жылғы 04 Қаңтар
- Маңғыстау облысы
4204 просмотров

 Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес кәсіпкерлердің  заңды мүдделерін қорғау, туындаған күрделі мәселелердің түйінін  тиімді, жүйелі әрі  шұғыл шешу, елдегі бизнестің дамуына салмақ салатын жайттарды қалың бұқараға жариялау мақсатында жұмыс істейді.     

 Қазір Кеңес құрамында 13 адам бар. Оған облыстық прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі, табиғи монополияларды реттеу департаменттері өкілдері, заңгерлер, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері мүше.

 Кеңес  төрағасы Шымбай  Сұлтановтың айтуынша, 2018 жылы кеңестің 11 отырысы өтіп, барлығы 22 түйіткілді мәселе талқыланды. Онда қаралған мәселелер өтінімдер берген кәіпкерге ғана емес, сол салада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің барлығына оң ықпал етті.

Мәселенің маңыздылығына қарай жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен мүдделі мемлекеттік мекемелер жетекшілерінің қатысуымен көшпелі отырыстар өткізіліп келеді. Осындай отырыстардың бірінде «ЦентрКредитБанкі» АҚ директорының жер тіркеу кезінде Ақтау қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларының заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты өтініші қаралған. Оның нәтижесінде Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департементіне ұсыныс жіберілді. Әдеп жөніндегі кеңес «Ақтау жер қатынастар бөлімі» ММ басшысына тәртіптік шара қолданды.   

Тағы бір  мысалға тоқталар болсақ, «TS Construction» ЖШС мен «Облыстық білім басқармасы» ММ арасында балабақшаға күрделі жөндеу жүргізу шартымен сенімгерлік басқаруға беру туралы келісім жасалады. Бұл мәселені қарастырғанда, екеуара шартта олқылықтар мен кемшіліктер анықталып, заң бұзушылықтарға жол берілгені белгілі болды. Осылайша,  келісімшарт талаптарына сәйкес, жеке серіктес мемлекеттік емес мекеме сараптамасының қорытындысын алып, нысанды пайдалануға беруі тиіс болған. Құзырлы мекемелер жобалау-сметалық құжаттамаға қорытынды беруден бас тартқан. Сөйтіп жобаны іске асыру үшін кедергілер көбейген. Кеңестің араласуымен мәселе оң шешімін тапты.

 Мұннан өзге Жаңаөзен қаласындағы жеке кәсіпкер Н.Турумбаеваның жер телімін жалға алу мерзімі ұзартылды, ал жеке кәсіпкер Е. Мұқтановтың жер телімі жеке меншікке сатылды. Т.Аязбаеваның наубайханасына газ тарту мәселесі шешіліп, С. Өтемұратовтың жанар-жағармай құю станциясы  базасының негізінде сұйытылған мұнайгаз станциясының ашылуына ықпал етті. Жеке кәсіпкер Ж.Бисембаевтың Жетібай елді мекеніндегі 1 жылдан астам уақытқа созылған «Айназ» балабақшасының мәселесі Кеңесте қаралып, заңды шешімі табылып, мүддесі қорғалды. Кеңес жұмысына риза болған кәсіпкерлер мүшелеріне «Алғыс  хат» жолдады.

Кеңес инвестициялық және бизнес ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлерді сүйемелдеуге де атсалысып келеді. Осы мақсатта 4 шетелдік және отандық инвесторлар мен кәсіпкерлер арнайы меморандумға қол қойды.

 Елбасы Жолдауында құзырлы органдарға әкімшілік заңнамаларды ізгілендіріп, әкімшілік айыппұлдар әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәйкес болуын заңдық тұрғыда реттеуді тапсырған болатын. Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамасы бойынша айыппұл санкциясының мөлшерін азайту, әкімшілік жазаны көздейтін бапты ізгілендіру көзделген. Кеңес отырысында кәсіпкерлер «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңының нормаларын бұзғаны үшін салынатын әкімшілік айыппұлдар мөлшері жоғары екенін, оны көпшіліктің қалтасы көтере бермейтінін мәлімдеген болатын. Сондықтан да ӘҚБК-нің кәсіпкерлікке қатысты 149-бабының 1-тармақшасында көзделген әкімшілік жазаны айыппұлдан ескерту түріне ауыстыру, полиция департаментіне аталған мәселені тексеруде бейне тіркегіш  қолдану және ҚР «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес,  полиция тарапынан тексеруді  азайту  жөнінде ҚР «Атамекен» ҰКП-на жазбаша  ұсыныс жіберілді. Өткен жылы Кәсіпкерлер Палатасына әкімшілік кедергілер туралы ақпарат белгілі болды. Олар бойынша ҚР «Атамекен» ҰКП-на кәсіпкерлердің күрделі сұрақтары тізіліміне енгізуге хаттар жолданды.

 «Төтенше жағдайлар департаменті «Каспиан Оффшор Индустриаз» ЖШС-ін мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет ұйымдары мен нысандары тізбесін бекіту туралы қаулысын негізге алып  әкімшілік жазаға тартқан. Алайда  өнімділігіне қарамастан, қайраңда мұнай мен газ өндіру мен дайындауға арналған теңіз операцияларын қолдау базалары деген анықтама аталған Өкімет қаулысында ашып көрсетілмеуіне байланысты аталған талапты Кеңес әкімшілік кедергі деп танып, оны алып тастау жөнінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жазбаша  ұсыныс жіберілді», – дейді Кеңес  төрағасы Шымбай  Сұлтанов.

Жалпы Кеңес кәсіпкер, мемлекет және бизнес арасындағы үш жақты диалогтың құрылуына елеулі үлес қосып отыр десе артық болмас. Бұл шаралар болашақта да жалғасын табады. Өйткені негізгі міндет – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен кәсіпкерлік саланың еркіндігі, заңнамалар мен құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу, кәсіпкерлікке негізсіз араласу фактілерін болдырмау. Кеңес Маңғыстау облысының кәсіпкерлеріне әділ шешімдер іздеп және оның жүйелі шешілуіне ат салыса бермек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер