«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер террор қаупінен сақтануға дайын ба?

22 Қараша 2018 - Маңғыстау облысы
691 просмотров

Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасына қоғамдық тамақтану, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің иелерінен Маңғыстау облысы Ішкі істер департаментінің терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстарына қатысты  нысандарды жаппай тексеру жиі кездесетіні туралы арыздар түскен. Бұл мәселе өңірлік кәсіпкерлер палатасында дөңгелек үстелде талқыланды.  

КП директорының орынбасары Әмірғали Жанаев: «Кәсіпкерлер палатасы терроризмді, оның барлық нысандары мен көріністерін құптамайды. Бұл құбылысқа қарсы күрес үшін ортақ күш салуды қолдайды. Дегенмен кәсіпкерлік нысандарында тексерістерді ұйымдастыру мен жүргізу, алдын-алу және қадағалау мәселелері бойынша көптеген қайшылықтар бар».  

КП кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің басшысы Әсем Нұрсейітова:

«Ішкі істер органдарының қызметі құқықтық негіздерге ие. «Терроризмге қарсы күрес туралы» ҚР Заңының 10-3-бабында терроризмге қарсы іс-қимыл жасау үшін кәсіпкерлік нысандарына арналған қажетті шаралардың нақты тізбесі айқындалады. Алайда, бұл рәсімдер және кәсіпкерлердің міндеттері, орындау механизмі анық емес. Атап айтқанда, объектілердің терроризмге қарсы қауіпсіздігінің паспортын кім дайындайды? Бизнес иесі қызметкерлеріне өз бетінше нұсқау жүргізе алады ма? Егер олай болмаса, жаттығу жасау үшін қандай  оқыту немесе басқа да ұйымға хабарласуға болады? Лаңкестік әрекеттер туындағанда қауіп-қатерлерді жою үшін мүдделі мемлекеттік органдармен және басқа ұйымдармен бірлескен іс-қимылдарды қалай жоспарлайды? Іскер мемлекеттік мекемелермен бірлесіп іс-шараларға қатысатынын ескерсек, жауапқа тарту шараларының біржақты болуы көкейге қонбайды».  

Сонымен қатар, бөлім бастығы Әсем Нұрсейітова жеке кәсіпкер К. Оразмурадовтың өтінішінде көрсетілген мынадай мысал келтірді. Іскердің пікірінше, Мұнайлы АІІБ-нің қызметкерлері мейрамханалар иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 149-бабы 1-тармағына сәйкес әкімшілік шара орынсыз жасалған. Себебі: мейрамхана иесінің іс-әрекетінде заңсыздық жоқ. Іс жүзінде, кәсіпкер Заңның 10-3-бабының 3-тармағына сәйкес қызметкерлерді оқытуға арналған барлық тиісті шараларды қабылдайды. Алайда, тәртіп сақшылары жаттығу ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен ғана жүзеге асырылуы тиіс деген талап қояды. Биылдың өзінде іскер тиісті органға өз қызметкерлерін бірлескен іс-қимылдарда даярлау туралы үш рет хат жіберген. Бірақ бұл жағдайды тексеруші тұлғалар  мүлдем ескермеген болып шықты. Осы дерекке қатысты материалдар қазір Мұнайлы аудандық сотының қарауына кетті.

«Бақыт-Ақтау» ЖШС директоры Лариса Гурьева:

«Терроризмге төтеп беруі тиіс нысан иелерінің іс-әрекеттерін жүргізу тәртібі айқын емес. Нысанның паспорты қалай және кіммен жасалуы керек? Облыста осындай құжат шығаратын бір ғана баспахана бар. Қазір онда кезек көп. Менің тапсырысым 2019 жылдың ақпан айында ғана орындалады екен. Осылайша, әкімшілік құқық бұзушылықты қайта жасағаным үшін маған екі есе айыппұл салынатын болады. Неге әкімшілік шаралар кәсіпорынның лауазымды тұлғасына емес, серіктестікке қолданылады? Екеуінің санкция өлшемі теңдестірілмеген. Менің ойымша, бұл алдын-алу шаралары емес, бизнеске қатысты жазалау шаралары деп түсінемін».

«Терроризмге қарсы іс-шаралар барлық жерде жүргізілуде. Терроризм қаупіне осал нысандар тізбесін облыс әкімдігі жасақтайды. Оның саны- 524 нысан. Олардың бәрін тексеру басталды», – дейді Маңғыстау облысы ІІД ЭКБ бастығы Дәурен Құттымұратов.

Шара соңында 2018 жылдың соңына дейін Маңғыстау облысы ІІД-і кәсіпкерлік нысандарға тексерулерді уақытша тоқтату мүмкіндігін қарастыру туралы шешім қабылданды. Ал, өңірлік кәсіпкерлер палатасы  терроризмге қарсы іс-қимылдар және әкімшілік құқық бұзушылық туралы қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер енгізу туралы «Атамекен» ҰҚП-на ұсыныстар жіберуі тиіс.

Пікір қалдыру:

Пікірлер:

Серіктестер