«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түрік технологы сүт өнімдерін әзірлеудің тың әдісін үйретті

2018 жылғы 19 Қазан
- Маңғыстау облысы
8687 просмотров

Ақтау қаласындағы «Берекет-Ф» ЖШС-нің сүт зауытына Түркиядан технолог-маман келді. Енді «Ақнек» таңбасымен шығарылатын отандық өнімдер жаңаша дәмге ие болмақ.

Йасин Акбаба – сүт өнімдерін дайындау саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман. Осыған дейін Украина, Болгария, Түркия сынды елдерде мол тәжірибесімен бөлісіп жүр. Ақтаудағы 10 күндік сапарында сүт өнімдерінің тың рецептімен бөлісу, жаңадан басталған кәсіпті өркендету, кәсіпорынды басқару әдісін үйрету, заманауи құралдары сатып алу, қондыру тәсілдерін меңгерту, сүт өнімдерінің сан түрі бойынша бизнес-кеңес, маркетинг пен сапаны бақылау барысын игерту – негізгі мақсат.

«Ең дәмді сүт өнімінің дайындалу тәсілдерін білемін. Бұл жолы сыр, ірімшік, йогуртты түрік әдісімен әзірлеуді үйретіп жатырмын. Маңғыстаулық мамандар бір рет айтқанды, ынтамен  орындап жүр. Қазір әлемдік өндіріс озық технологияға ауысып барады. Зауыттарды заман талабынан қалмай жетілдіріп отыру өнімнің сапалы болып, бәсекеге қабілеттілігін арттырады», –  дейді Йасин Акбаба.

Техниканың тілін меңгерген Йасин сүт зауытының жаңа кешенін іске қосып бермек. Біраз уақыттан бері қызметкерлер қондырғыларды қалай қосуды білмеген еді. Хас шебердің келуімен жаңа құралдар пайдаға асты. Тіпті өнімнің жасалу мерзімін таңбалайтын мөр құрылғысын да жөндеді. Сөйтіп кәсіпорынның біраз шаруасын ширатты.

Сүт зауытына шетелдік маман Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының шақытуымен келді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының «Аға сеньорлар» жобасы аясында экономиканың басымдыққа ие салаларында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға білікті маман шақырып, жаңа технологияларды енгізу бойынша кеңес алып, біліктіліктерін көтеруге мүмкіндік береді. Шетел маманының қызметі мен жол шығыны мемлекет есебінен төленеді. Сарапшыдан тәжірибе алатын кәсіпорын маманды жатын орын, тамақтану, аудармашымен қамтамасыз етеді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының 1-санатты сарапшысы Мұрат Тоқсанбаев:

«Кәсіпкерлер палатасы осымен  3 жыл қатарынан шетел мамандарынан үйрену тәжірибесін қолдап келеді. Биылғы жылдың басынан бері Маңғыстау облысына білікті 4 маман келді. Олар туризм, дәмхана, аяқ-киім өндірісі мен сүт өнімдері салаларының дамуына ықпал етті. Жергілікті мамандардың біліктілігі артты». 

Түркиялық маман Йасин Акбабаның ендігі сапары қараша айына жоспарланған. Маңғыстаулық сүт зауыты қызметкерлеріне өнімдерінің ең озық тәсілін меңгерту тәжірибелі маман үшін зор мақтаныш.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер