Кәсіптік бағдар: оқушылар «Zhamal-ai» тігін цехының жұмысымен танысты
Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімі және «Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы» мекемесі Ақтау қаласындағы Серікбол Қондыбай атындағы орта мектептің 9-сынып оқушыларына арнап елге танымал «Zhamal-ai» LTD» ЖШС киім тігу цехына экскурсия ұйымдастырып, шәкірттерді өнеркәсіп жұмысымен таныстырды.
Бұл шара Адами капиталды дамыту бөлімі жұмысының басты бағыттарының бірі – оқушыларға болашақта таңдайтын кәсібіне бағдар беру мақсатында ұйымдастырылды. Аталған мекеменің таңдап алынуы да тегін емес. Түрлі өндірістік мекемелерге арнайы аяқ және сырт киімдер тігумен айналысатын «Zhamal-ai» LTD» ЖШС – былтыр өткен республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жүлдегері, өңірлік байқауда «Үздік тауар» аталымының иегері атанған әрі нарықта тауарларының сапасы мен қалта көтерімділігі бойынша өзін бірнеше мәрте дәлелдей алған үлгілі ұжым.
Экскурсия барысында оқушылар «Zhamal-ai» LTD ЖШС мекемесі аяқ киім және арнайы сырт киім тігетін екі екі цехтан тұратынын көрді. Бұл кәсіпорында 100% отандық өнім тігуге жалпы саны 158 маман атсалысып отыр. Кез келген киім түрінің эскизінен бастап дайын өнім алу процестерінің барлығы осы цехтың қабырғасында жүзеге асады.
«Цехта негізінен өндірістік мекемелерге арнап киім түрлері тігіледі. Қазір күніне қыстық 50 костюм, ал жаздық киімнен күрделілігіне қарап 60-70 дана шығарамыз. Сатып алушылардың басым көпшілігі жергілікті компаниялар. Десек те осыған дейін сұраныс болғанына қарай тауарларымызды Атырау, Қызылорда, сондай-ақ еліміздің шығысына да жіберіп отырдық. Тағы бір ерекше айта кететінім – арнайы киімнен бөлек, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында «SHARKEY» брендімен өзіміздің аяқ киімдер мен жейделеріміз, сондай-ақ поло, оқушылардың мектеп формалары сатылатын фирмалық дүкеніміз жұмыс істеп тұр», - деп ақпарат берді «Zhamal-ai» LTD ЖШС мекемесінің шебері Клара Өмірболатова
Мекеме арнайы тапсырыспен де киім түрлерін шығарады. Экскурсия барысында оқушылар жұмыс процесімен танысып, дайын киімдерді киіп те көрді. Жасөспірім болғасын әсіресе футболкалар мен мокаси аяқ киімдеріне қызығушылық танытып, оң бағасын беріп жатты.
«Келгеніме қуаныштымын, бастысы – уақытым зая кеткен жоқ. Бұл мекемені сырттай білуші едім, бүгін оның жұмысын өз көзіммен көрудің сәті түсті. Жалпы өзіме былғарыдан жасалған өнімдер қатты ұнайды. Ал бұл жерде байқағаным – барлық аяқ киімдер таза былғарыдан – сиырдың терісінен өңделіп жасалады екен. Біздерге осындай тамаша экскурсия сыйлаған сіздерге рақмет»,- деп 9-сынып оқушысы Серік Әлімбаев: алғысын білдірді.
Айта кетуіміз керек, экскурсия Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған шаралардың бірі ғана. Алдағы уақытта облыс орталығынан бөлек, аудандарда да мектеп оқушыларына мамандық таңдауға бағдар беру бойынша мекемелерге сапарлар жасалатын болады. мысалы, облыс орталығындағы осы шарамен қатарласа өткен Жаңаөзендегі «Жанарыс» тігін фабрикасына ұйымдастырылған экскурсияны да атап өткен жөн. Кәсіби бағдарға қатысты ұйымдастырылатын шаралар туралы ақпаратты тұрақты түрде беріп отырамыз.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: