«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сапа белгісі бар тауарды таңдаңыз

2016 жылғы 26 Тамыз
- Маңғыстау облысы
11853 просмотров

Маңғыстау облысында «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы өтті

Байқауға облыс аумағында тіркелген және өндірістік қуаты бар 16 жекеменшік кәсіпорын қатысты.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» аталымында үшінші орынды «Каспий ТасЖол» ЖШС, екінші орынды «Caspi Bitum» ЖШС, бірінші орынды «Шыны пластикалық құбыр зауыты» ЖШС иеленді. «Халыққа арналған үздік тауар» аталымының үшінші орны «Сенек» ЖШС-ға, екінші орын «Zhamal-ai LTD» ЖШС-ға, бірінші орын «Жанарыс» ЖШС-ға бұйырды. «Үздік азық-түлік өнімдері» аталымында үшінші орынды «Байменова» ЖК, екінші орынды «Millina Food Production LTD» ЖШС, бірінші орынды «Maga Bread» ЖШС алды.

«Бүгінде мемлекет кәсіпкерлік қауымдастықты одақтасы ретінде қарастырады. Соңғы жылдары қазақстандық бизнес жауапты және іргелі бола түсті. Инвестициялар тарту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экономиканы саралау мәселелерінде бизнес мемлекеттің сенімді әріптесіне айналып келеді. Барлығымыз да сіздердің қызметтеріңізге зәруміз және кәсіпкерлік сала еліміздің де, өңіріміздің де экономикасын дамытуға сүйеу болуы тиіс дегенді қайталап айтып келеміз. Өз кезегінде кәсіпкерлікпен айналысуға барлық жағдай жасалуда. Өз қызметімізде біз әрдайым бизнестің мүдделерін ескереміз, оған дәлел «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыс орнатуымыз. Оның жарқын үлгісі өңіріміздегі бизнес пен биліктің өзара қарым-қатынасы болмақ, яғни өңірдің барлық кәсіпкерлеріне түрлі қолдау көрсететін, Қазақстан Республикасындағы ең ірі Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының бірі – «Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының құрылуы. Бүгінгі «Қазақстанның үздік тауары» байқауының марапаты – жоғары баға, сенім білдіруге болатын өзінше сапа белгісі», – деді облыс әкімі Алик Айдарбаев.

Мәселен, 2013 жылы «Үздік азық-түлік тауары» аталымында «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС үшінші дәрежелі дипломға ие болды. 2015 жылы Маңғыстау облысында «Өндірістік мақсатағы үздік тауар» аталымында бірінші орын «Каспий Цемент» ЖШС-ға берілсе, «Халыққа арналған үздік тауар» аталымындағы бірінші орынды «Zhamal ai LTD» ЖШС жеңіп алды, ал «Maga Bread» ЖШС «Үздік азық-түлік тауары» аталымының жеңімпазы атанды.

«Бұл зор әрі қарқынды жұмыстың нәтижелері. Отандық тауарлардың сапасын арттыру және халықаралық деңгейге шығу – біздің ортақ міндетіміз. Сапалы тауар ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сұранысты қамтамасыз етеді. Бұл, өз кезегінде, тұрақты жұмыс пен өңірде жаңа жұмыс орындарын арттырудың, келіссөздердің, іскерлік әріптестердің әлеуемттік-экономикалық көрсеткіштерін жақсартудың кепілі, сондай-ақ Маңғыстау облысында тауар мен қызмет түрлерін таңдаудағы тұтынушылардың басты дәлелі», – деп түйіндеді ойын Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев.

Байқаудың барлық жеңімпаздары дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауы жемісті өтті. Сол арқылы тұтынушыларға саналуан тауарлар мен қызмет түрлері арасынан дұрыс таңдау жасауға, ал кәсіпорындарға өз өнімінің лайықты бағасын алуға мүмкіндік берді.

Мұндай шара сапасы жоғары және бәсекеге қабілетті өнімдерді дамытуға, тауардың сапасын арттырудағы тауар өндірушілердің бастамаларын қолдауға, кәсіпорындарға сапаны басқарудың заманауи жүйесін енгізуге, сондай-ақ, Қазақстанда өндірілген өнімдердің сапасына қатысты бұқаралық ақпарат құралдары мен халықтың хабардар болуын күшейтуге ықпал етеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер