«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Балабақша проблемасы күн тәртібінен түсетін емес

2016 жылғы 28 Наурыз
- Маңғыстау облысы
15627 просмотров

Маңғыстау өңірінде балабақша құрылыстарының қарқынды жүруіне және мемлекеттік – жекеменшік әріптестіктің дамуына қарамастан, балабақшаға балаларды орналастыру мәселесі әлі де болса маңыздылығын жоғалтпай отыр 

Бұл туралы шаһардағы балабақшаларды аралап, түйткілді мәселелердің бар екендігін көз жеткізген Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасы Адами ресурстар капиталын дамыту бөлімінің бастығы Гүлжан Шаймерденова хабарлады.  

Оның айтуынша, облыс бойынша балабақша тізімінде кезекте тұрғандардың басым бөлігі Ақтау және Жаңаөзен қалаларында байқалады. Мәселен 3-тен 6-жасқа дейін балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндер саны 4717-ні құрайды. 

Жалпы облыс бойынша 242 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар, оларда барлығы 33051 бала тәрбие алуда. Ал 3 пен 6 жас аралығында мектепке дейінгі біліммен қамтылғандар саны 72,5% құрап отыр.

Қазіргі таңда балабақшаларда жағдай түбегейлі жақсы деуге ауыз бармайды. Бірақ, осы мәселе төңірегінде әңгіме қозғайтын кәсіпкерлер бүінде жоқтың қасы, оның себебін түсіну қиын емес, көптеген кәсіпкерлер жергілікті билікпен жағдайды ушықтырмағанды жөн санап, көбіне бар проблеманы сыртқа шығарумауға тырысады.   

Мәселен, Ақтау қаласындағы Некрасова атындағы ағылшын тілі бойынша жалпы білім беру мектебінде балабақша мен оқу орны бірге орналасқан. Мектеп директоры Мария Гончарованың айтуынша, олар біраз қиындыққа тап болыпты. Мектеп қабырғасында білім алғысы келетіндер баршылық, бірақ оларды сыйдыруға әзірге мүмкіндік жоқ. Себебі ғимарат өзгенікі, ал кәсіпкердің өзінде оқу орнын тұрғызатын жер учаскесі жоқ, оның үстіне ғимартты жалға алып, жұмысшыларды қысқартуға жібермей әрең сақтап отырғанын айтады. 

Білім беру қабырғасынан ата-аналар балаларын бірінен соң бірі алып кетіп жатқан көрінеді. Оған себеп әлемдік экономикалық қаржы дағдарысы. Тек бір балабақшаның өзінен 20 бүлдіршін, ал мектептен 6 оқушы кетіп қалған. Мұның себебі де жоқ емес, ата-аналар оқу орнының ақшасын төлей алмаған соң, осындай әрекетке баруға мәжбүр екен. Қаражат түсімі азайғаннан кейін, мектеп басшылығы да ағылшын тілін тереңдетіп оқыту бойынша Ұлыбританиядан келген ұстазбен келісім-шартты үзген. Қазір білім ордасы тек бір ғана шетелдік маманды ұстап отыр, ол АҚШ азаматы, Майами тұрғыны Джерри Орфи.     

«Біз бұл ғаимартты жалға алып жұмыс жасап жатқанымызға биыл 20 жыл болды. Мектеп күрделі жөндеуді талап етеді, алайда біз оған қомақты қаржы бөле алмаймыз, себебі кез-келген уақытта бізге ғимартты босат деп айтуы ғажап емес. Өзіміздің жеке ғимаратымыз болса дейміз. Құрылтайшымыз ғимаратқа төлейтін ақшаның бәсін әзірге көтерген жоқ, бізде оқудың ақшасын көтермейтін болдық. Алайда, ата-аналар балаларын бірінен соң бірі алып кетіп жатса, онда біздің мектепте қысқарту болатыны сөзсіз. Амал қанша? Ғимарат бізге жалға берілген, салық пен коммуналдық қызметті де уақтылы төлеуіміз керек.  Жалпы біздің оқу орны дағдарысты қатты сезінді деп айтар едім», – дейді ол.  

Бұған қоса Ақтау қалалық білім беру бөлімі оқу орнының талаптарға сай еместігін үнемі еске салып отырады, яғни кітапхана, шеберлік кабинеті, физикалық кабинет пен химикалық лаборатория, спорт залдың болуын талап ететін көрінеді. Алайда бұл талаптар әзірге орындалмайтын секілді, себебі балабақша ғимараты тарлық етуде.   

«Әрине, біздің де барлық стандартқа сай жұмыс жасағамыз келеді. Бірақ бұл әзірге мүмкін емес. Қазіргі уақытта біздің басшыларымыз мемлекеттік-жекеменшік туралы талаптармен танысуда, егер өз алдымызға ғимарат бөлсе барлық проблема артта қалар еді. Жалпы біздің оқытушыларымыз тәжірибеден өткен мамандар. Мектепте 1 пен 11 сынып аралығында 268 оқушы білім алады, ал балабақша 165 бүлдіршінге есептелген. Балалар санының әлі де өскенін қалаймыз», – деп сөзін жалғастырды мектеп директоры Мария Гончарова.

Айта кету керек, Маңғыстау облысы өзінің жергілікті және ата мекенін аңсап көшіп келушілер бойынша халық санының өсу қарқыны жоғары аймақтардың біріне жатады, есесіне балабақшаға деген сұраныста осыдан артып отырса керек.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сенсек, өңірде 170 мемлекеттік ұйымдарда мектепке дейінгі білім алып жатқан балалар саны 27539-ті құрап отыр, оның ішінде 72 жекеменшік балабақшада 5512, ал 53 шағын орталықтарда 2466 бала тәрбие алуда.

Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасы Адами ресурстар капиталын дамыту бөлімінің бастығы Гүлжан Шаймерденованың айтуынша, бұл проблеманы түбегейлі шешудің жолы бар, ол үшін жергілікті атқарушы органдар бизнеспен байланысты әлі де орнатуы тиіс.

«Екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнесті несиелеу саясатын әлі де мықтап қолға алса дұрыс болар еді. Жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты көбейту қажет және де жекеменшік балабақша салуға ниет білдірген кәсіпкерлерге жер учаскелерін бөлуді жалғастыру қажет. Сонда ғана бұл мәселені түбегейлі шешуге болады», – дейді ол.

Балаларын балабақша орналастыра алмай жүрген ата-аналар проблемасын айтпағанда, кәсіпкерлердің дабыл қағып жүрген мәселесі өз алдына үлкен тақырыпқа айналды.

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер Палатасының директоры Жаңбырбай Доспаевтың бизнес-қауымдастық алдында есеп беру кезінде, кәсіпкерлер бірқатар проблемаларды жайып салған еді. Сол уақытта сөз алған кәсіпкер Лариса Гурьева, «Некрасова», «Дарын», «Бақыт»,  «Жақсым» секілді балабақшалар мемлекеттік тапсырыстың жоқтығын алға тартты.

«Мемлекеттік тапсырыс төңірегінде түсініксіз жағдай орын алуда. Өткен жылдың маусым айынан шаһардағы 6 балабақша мемлекеттік дотация ала алмай жүр. Әр балабақшада кем дегенде 150 баладан бар. Мемлекеттік қолдау бізге ауадай қажет. Қарыз бастан асады, белшеден баттық, жұмысшыларға төлейтін ақша таппай отырмыз», – деген болатын ол.

Бұған қоса кәсіпкерлер Ақтау қалалық білім бөліміне қатысты шағымдарын да жеткізуді ұмытпады. Олардың айтуынша мемлекеттік орган тарапынан балабақшаларды орынсыз тексерулер тыйылар емес.  

«Бізде қаржылай қиындықтар бар, оған бас ауыртып отырған шенеуніктер жоқ, ал тексерулер бірінен соң бірі өткізіледі. Мемлекеттік тапсырыстар болмаса, балабақшалардың жабылып қалуы бек мүмкін», – деген болатын бірқатар балабақша жетекшілері.

Кәсіпкерлер мәселесі көп күттірген жоқ. Облыс әкімдігінің ғимаратында өткен жиында әкім Алик Айдарбаев білім басқармасының мамандарына кәсіпкерлер көтерген мәселелерді шешу бойынша бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Бүгінде бұл проблема өз шешімін тапқан секілді, себебі аталмыш мәселе төңірегінде кәсіпкерлер Өңірлік палатаға келіп шағым айтқан емес.

Кеңес дәуірі ыдыраған 1991 жылы елімізде балабақшалар шетінен жабыла бастады. Бұл ретте мемлекеттің сол қаңыраған балабақшаларды жекеменшікке беруден басқа амалы қалмады деп, өз сөзін бастады біздің тағы бір кейіпкеріміз, «Мейірбике» медициналық колледжінің директоры Әлімжан Сағымбай. 

Сол жылдары еліміздегі барлық балабақшалар жекеге сатылып немесе мелекеттік органдарды берілген болатын. Бұл өз кезегінде мектепке дейін білім беру жүйесіне кері әсерін тигізбей қоймады.

«Сол қиын-қыстау кездер менің әлі есімде. Маған мемлекет шаһардағы 26 ш/а орналасқан босап қалған балабақша ғимаратының бірін берген болатын. Күрделі жөндеуден өткізіп, біраз шығынға баттым. Сол жылдары медицина саласы ақсап тұратын, сол себепті мен балабақша ғимаратын жалға бермей медициналық колледж ашқанды жөн санадым. Жылдар өтті, заңдар жиі ауысты, күндердің күнінде әкімдіктен комиссия келіп, бұдан былай балабақшада кішкентай бүлдіршіндер тәрбие алсын деген тапсырма түсті. Бүгінде біздің ғимартта 6 балабақша тобы бар, оның санын 10-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Әрине, оқу орны балабақшадан бөлек орналасуы тиіс. Тілі енді шығып келе жатқан бүлдіршіндер мен студенттердің бір ғимарттан кіріп шыққанын менде қаламаймын. Әкімдік бізге жер учаскесін бөлді, қала сыртында салынып жатқан колледж ғимаратының құрылысы аяқталып қалды. Тамыз айына дейін жаңа ғимаратқа көшетін боламыз. Ал қазіргі балабақша, бұдан былай тек кішкентай тұрғындарға ғана қызмет көрсететін болады», – деді ол.

Маңғыстау облысының әкімдігі кезінде мемлекеттік немесе жекеге берілген балабақшаларды мемлекетке кері қайтаруға қанша тырысқанымен, әзірге көз қуантарлық нәтиже жоқ. Облыс орталығында балабақшаларды босатуға асығатын мемлекеттік органдардар болса жоқтың қасы.    

Мамандардың айтуынша, балабақшаға балалар кезегінде тұрғандардың саны әлі де азаймайды, оның тағы бір себебі аймақтағы туу көрсеткішінің жоғары болуы.

Өткен 2015 жылы облыста 19000 сәби дүниеге келген, бұл көрсеткіш жылдан жылға арта түсетіні сөзсіз. Ал тұрғындар саны өткен жылы 3 пайызға артып, бүгінде 625 мың адамға жеткен.

Тағы бір проблема миграция саясатына қатысты болып отыр, егер алыс және жақын шет елдерден келіп жатқан қандастарымыздың саны жылдан жылға артып келе жатқандығын ескеретін болсақ, алдағы бірнеше жыл бойы балабақша проблемасы күн тәртібінен түспесі айдан анық.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер