«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Маңғыстау өңірі италияндықтарды несімен қызықтырады?

2016 жылғы 28 Наурыз
- Маңғыстау облысы
15161 просмотров

Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасында Италияның бір топ бизнесмендері жергілікті іскер азаматтармен кездесу өткізді

ӨКП директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Әсет Манов шетелдік меймандарды аймақ экономикасының даму динамикасымен таныстырды, әсіресе инновациялық потенциалы және елімізде шетелдік бизнесмендерге жасалып жатқан мүмкіндіктер мен инвестиция тарту мәселесіне де тоқталды. Мұнан бөлек өңірде «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып өтті.

«Бірлескен кәсіпорындар ашуға Италия тарапы мүдделі деген сенімдеміз, ал өз тарапамыздан барынша маңғыстаулық кәсіпкерлердің сіздермен әріптестік қарым-қатынас орнатуына ықпал етуге дайынбыз», – деді ол италияндық кәсіпкерлерге.

Маңғыстауға атбасын тіреген италияндық кәсіпкерлер халықаралық нарықта жұмыс жасағандарына 20 жылдан асыпты. Бұл жолы «Scool IMPRENDO», «LTMBUL lTD», «AFN Engineering», «Archenergy Group Esco Srl» өкілдері ауыл шаруашылығы, шаруашылық техника және азық-түлік, экологиялық таза жобалар мен архитектура саласындағы техникалық қызмет туралы баяндама жасады. Мұнан бөлек жаңғыртылатын энергия көздері, қатты қалдықтарды қайта өңдеу және өндірістік механизмдер туралы хабардар етті. Сонымен қатар инвесторлар елімізді «EXPO-2017» көрмесінде қолдау көрсетуге дайын екендігін мәлімдеді.

Антонио Майелло – «IMPRENDO халықаралық мектебінің директоры: «Біздің қазақстандық студенттерді Италияда білім алуға және жас мамандарды біліктілікті арттыру курстарынан өтуге шақырамыз. Біздің елде оқу жаңа методикамен жүргізіледі, елге оралған соң алған тәжірибесімен өздерінің әріптестерімен бөлісе алады».  

«AFN Engineering» компаниясының техникалық менеджері Антонио Зерилло болса, италияндықтардың Маңғыстау өңіріне келуінің бірден-бір себебі ең алдымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен танысу арқылы, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға болатындығын айтып өтті.

«Екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін, осындай кездесулер ұйымдастырған дұрыс деп санаймыз. Бір көре сала келіссөздер жүргізу қиын, сол себепті алдымен жақынырақ танысқан соң, белгілі бір тақырыпқа тоқталуға болады. Жергілікті кәсіпкерлер Италияға келсе деген ұсынысымыз бар. Ал келесі кездесуде нақты бір шешімге келетінімізге күмәнім жоқ», – деді италиялық мейман. 

Кездесуде сөз алған жергілікті кәсіпкерлер Италия елінің бизнестегі көптеген саласы қарқынды дамығанын атап өтті, әсіресе агроөнеркәсіп кешені, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, энергетика және мұнайгаз саласындағы жетістіктерін жоғары бағалады.

Кездесу соңында Маңғыстау облысы кәсіпкерлер Палатасы италияндық іскер топты келер жылы Астанада өтетін «EXPO – 2017» көрмесіне белсенді қатысуға шақырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер