«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Фармацевтерге бірігуге кеңес берді

2016 жылғы 04 Наурыз
- Маңғыстау облысы
12081 просмотров

Маңғыстау облысындағы дәріхана бизнесінің өкілдерін аймақтық фармацевтер қауымдастығының қатарын толықтыруға шақырды

Оңтүстік Қазақстан облысы «Даму» фармацевтика қауымдастығы және медициналық ұйымдар директоры Хадиша Әлжанова, Ақтау қаласына жасаған іссапары аясында дәріхана бизнесінің өкілдерімен кездесу өткізіп, өзі басқаратын қауымдастықтың қызметі мен екі облыс арасындағы әріптестік қарым-қатынасты нығайту мәселесін маңғыстаулық әріптестерімен талқылады.

Басқосуда тараптар ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің кейбір заңдарының орындалуы әңгіме болды. Әсіресе «Тиісті дистрибьютерлік тәжірибесі» (GDP) және «Тиісті дәріхана тәжірибесі» (GPP) стандартарын енгізу, сонымен қатар емдік дәрі-дәрмектердің көтерме және бөлшек медициналық тағайындау бұйымдарының жаңа ережелерінің орындалуы сөз болды. Аталмыш талаптар орындалмаған жағдайда, 2018 жылдың қаңтар айынан бастап дистрибьютерлік тәжірибе стандарттарынан өтпеген дәріханалар, көтерме және бөлшек саудасымен айналысу құқығынан айырылады.  

«Енгізілген жаңа заңға сәйкес, бұдан былай біз бекітілген талаптарға сәйкес жұмыс жасауымызға тура келеді. Мұндай көрініс сонау Кеңес дәуірі кезінде болғанын еске түсіру болады. Барлық дәріханалар фармацевтикалық бақылаудан аккредиттелуі тиіс. Әйтпесе сіздің қызметіңіздің жұмыс ауқымы 70%-ға дейін төмендеп кетуі ғажап емес. Уақыт бар деп жүре бермегендерің дұрыс болар еді, оның үстіне аккредиттеу біраз уақыт алуы ықтимал. Сол себепті жаңа ережелермен бүгіннен бастап танысып, тиісті құжаттарды тездетіп жинақтауға кіріскеніңіз жөн», – деді ол кәсіпкерлерге.

Тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету, дәрі-дәрмектер қауіпсіздігін арттыру, яғни тіркелмеген және сапасыз дәрілердің елдегі фармацевтика нарығына кіріп кету қауіпін алдын-алуға бағытталған жаңа нормативтік құжаттардың талаптары орынды екендігін алға тартқан жергілікті кәсіпкерлер, бұл бастамаларды бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.   

Сондай-ақ, фармацевтика саласының мамандарын даярлау және оқуын енді аяқтаған студенттер жайы да назардан тыс қалмады. Аталмыш салада мамандар тапшылығы байқалатынын сөз еткен жиынға қатысушылар, дипломмен бос жүргендерді Оңтүстік-Қазақстан облысындағы мемлекеттік фармацевтика академиясында өтетін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне қатыстыру қажеттігі айтылды. Маңғыстау өңірінде фармацевтика мамандары тапшы, сол себепті өзге өңірлерден тәжірибесі жоғары жас мамандарды ірі фармацевтика ұйымдарымен келіссөздер жүргізу арқылы, әлеуметтік жағдайынан бөлек, қызметтік үйлер мен жоғары жалақымен қамтуға болар еді деген ұсыныс та айтылды.

Тағы бір маңызды тақырып, Әліпқали Бисекешов жетекшілік ететін Маңғыстау облысындағы Фармацевтика қауымдастығының қатарына кәсіпкерлерді қабылдау қажеттілігі сөз болды. Онда дәріхана бизнесінің өкілдері нормативтік-құқықтық құжаттар мен барлық түйткілді мәселелер жөнінде кеңес алуына болады.

«Барлығыңызды жаңа қауымдастық қатарына кіруге шақырамын. Оның үстіне ай сайынғы міндетті мүшелік жарна бар болғаны 1000 теңге, бұл айтарлықтай көп ақша емес. Қауымдастық болғасын барлығымыз жарна төлейміз және өзіміздің құрылтайшымыздың алдында жылына бір рет есеп береміз. Ал сіздерден түсетін қаражат, іссапар, телефон байланысы, кеңсе тауарлары, оқыту, ғимартты жалға алу секілді мәселелерді шешуге жұмсалады. Дәстүрге сәйкес, жылына бір рет Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетіледі. Біздің ұсынысымыз бойынша, фармацевтика саласында еңбек етіп жүрген 10 кәсіпкер «ҚР денсаулық саласының үздігі» белгісімен марапатталды. Арамызда депутат болуға ниет білдіргендер қатары көп, оларға да ықпал етеміз. Яғни сіздерді толғандырған мәселелер үнемі аталмыш қауымдастықтың назарында болады», – деп қорытындылады өз сөзін Хадиша Дербісқызы.  

Ертесіне Хадиша Әлжанова Жаңаөзен қаласында болып, жеке кәсіпкер «Жантлесова» қолға алған фармацевтика өндірісімен танысты. Жаңа ғимараттың құрылысын, яғни фармацевтика өндірісі мен бинт дайындау цехының бизнес-жобасын қолға алуды осыдан 10 жыл бұрын жергілікті кәсіпкерге Хадиша ханымның өзі ұсынған екен. Мұнда өнімнің жиырма түрі шығарылатын болады.

Іссапарын қорытындылаған оңтүстік өңірдің мейманы, болашақта Маңғыстау облысы мен шырайлы Шымкенттің кәсіпкерлері ынтымақтастық орнату арқылы, бірлескен форумдар, түлі форматтағы жиындар, өзара тәжірибе алмасу мақсатында іссапар жасау көзделіп отырғанын жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер