«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жастарға жұмыс тауып береді

2016 жылғы 15 Ақпан
- Маңғыстау облысы
15068 просмотров

Облыстағы жұмыс берушілерге тұрғындарды жұмыспен қамту жөніндегі 2020 жылға дейін әзірленген «Жаңа серпiн» өңірлік бағдарламасы туралы айтып берді

Бағдарлама еңбек ресурстарын қайта бөлуді көздейді.

Егер «Жұмыспен қамтудың жол картасы» тұрғындардың барлық санатына бағдарланған болса, ал «Жаңа серпiн» бағдарламасында жастар арасындағы жұмыссыздыққа екпін жасалады. Орталық жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерден ірі инвестициялық компанияларға дейінгі бүкіл жұмыс берушілермен тығыз жұмыс істейді.

«Жаңа серпiн» орталығы директорының орынбасары Нұрбек Сұлтанның айтуынша, жұмыс беруші өзіне қажетті маман іздеп орталыққа өтініш береді, ал «Жаңа серпiн» мамандары жұмыссыздар арасынан керекті үміткерді іздестіреді. «Сәтті таңдау жасалғаннан кейін үш жақты келісім жасалады және бағдарламаға қатысушы болашақ жұмыс беруші таңдаған оқу орнына келісім бойынша кәсіби даярлықтан өтуге жіберіледі. Оқу-үйрету ұйымдарының тізімі аумақтық жағынан шектелмейді, яғни қажетті машықтарды үйрену үшін ел ішінде ғана емес, сонымен бірге шет мемлекеттерге де баруға болады. Қажет болған жағдайда жергілікті жерде оқу үшін дуальды тәсілмен кәсіби дәріскерді шақыра алады. Оқыту мерзімі кезінде жұмыс беруші немесе оның өкілі оқу процесін бақылау құқығын пайдалана алады және сөйтіп болашақ жұмыскерлер алатын білімнің сапасын бағалайды. Оқу курстарын бітірген соң қорытынды әңгімелесу өткізіледі және одан жақсы өтсе жеке еңбек келісім-шарты жасалады», – деді ол.

Оған қоса, егер де жұмыс беруші бір жылға арналған әлеуметтік жұмыс орындарын ұсынуға дайын болса, онда ең аз жалақы 35% мөлшеріндегі төлемақыны төлеуді мемлекет өз мойнына алады, бірақ ол үшін аталған жұмысшыға арналған штаттық бірлік ашылуы тиіс. Сонымен бірге, жастар тәжірибесін пайдалану мүмкіндігі де бар. Кәсіпорын тәжірибесі бар жас мамандарға жұмыс ұсынады, бұл жерде де мемлекет өз есебінен 6 ай бойы 18 АЕК мөлшерінде төлемақы береді.

Маңғыстау облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Жаңбырбай Доспаев атап көрсеткендей, мамандарды «Жаңа серпін» орталығының тетіктері арқылы іріктеу өте пайдалы, өйткені бұл дайын қызметкер.

«Мемлекеттің қолдауымен бизнес жасау әрқашанда пайдалы, және де бизнес-жоспарларды іске асыруға адам ресурстары қажет. «Жаңа серпін» бағдарламасы кәсіпкерлерге өте жақсы мүмкіндік беріп отыр. Бүгін қалалық жұмыспен қамту орталығы КҚО ғимаратына көшіп келді. Адамдар курстарға бар ықыласымен барып жазылып жатыр, демек, бизнес негіздерін үйренуді қалайтындар саны барған сайын артуда. Біз сіздерді белсенді ынтымақтастыққа шақырамыз», – деді Жаңбырбай Сұлтанұлы кәсіпкерлерге.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлмира Қалмұратова дағдарысқа қарамастан, еңбек нарығын дамытудың негізгі индикаторлары барлық көрсеткіштер бойынша жағымды сипат алғанын баяндады.

Мұнай компанияларында жаппай қысқартуға жол берілмеді, бұл мердігерлік ұйымдарға және субмердігерлерге оң әсерін тигізіп, жұмыс орындары мен табыстарын сақтап қалуына көмектесті. ШОБ-ты қолдау шаралары да айрықша бақылауда, әсіресе ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, оның ішінде ет өндірушілерге көңіл бөлінуде. Ірі мұнай-газ компаниялары өз нарығын ашты, сөйтіп бүгінгі күні ет жергілікті фермерлерден сатып алынады.

Қазіргі уақытта «Жаңа серпін» орталығы арқылы 28 адам оқудан өтіп, содан кейін «Азерсун Логистикалық орталығы», «Каспий Тас Жолы», «Каспио Плас» және «Ақтау Керамзит» компанияларына жұмысқа орналастырылды.

Ал биылғы жылдың бірінші ақпанына қарай «SUHAN GRUP» ЖШС, «Волна» кондитерлік фабрикасы, «Хазірет» ЖШС, «Қала жолдары», «Медикер», «Ақжолқұрылыс», «Каспий Оперейтинг», «Престиж», «АқтауЖылуСервис» сияқты компаниялар өздерінде бос жұмыс орындары бар екенін хабарлады және Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер орталығында орналасқан «Жаңа серпін» орталығымен ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екендерін білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер