«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматы облысының бизнесмендері қоқыс орындарының тапшылығы салдарынан зардап шегуде

2015 жылғы 05 Қараша
- Жетісу облысы
13961 просмотров

Шенеуніктердің әрекеті кәсіпкерлерді заңнаманы бұзуға мәжбүрлеп отыр

Алматы облысындағы Талғар қаласында Ғани Қасымовтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Күн тәртібіндегі тармақтардың бірі Алматы облысындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) тастауға арналған полигондардың тапшылығы болды, осының салдарынан аталмыш салада еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер зардап шегуде.

Кәсіпкер Таңат Балшенов ҚТҚ арнайы жабдықталған полигондарға жеткізіп, тасымалдаумен айналысқан болатын. 2013 жылғы наурыз айында кәсіпкерге қатысты экологиялық тексеріс жүргізіледі. Тексеріс нәтижесінде Алматы облысы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор Б. Рахымбаев кәсіпкерді қатты тұрмыстық қалдықтарды қоршаған ортаға эмиссияға сәйкес рұқсатсыз тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартады.

Экологиялық заңнама талаптарына сәйкес, экологиялық құқықты бұзған тұлғалар қоршаған ортаға келтірілген залалдың орнын толтыруға міндетті. Сондықтан да Алматы облысы бойынша Экология департаменті Таңат Балшеновті 2,8 миллион теңге залал сомасын төлету бойынша сотқа береді. 2013 жылғы 17 қыркүйекте экономикалық сот кәсіпкерден аталмыш соманы өндіру туралы қаулы шығарады.

Кейін Таңат Балшенов Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен сотта қоршаған ортаға ешқандай да залал келтірмегенін және ҚТҚ-ны полигонға тастамай, тек полигонға дейін тасымалдайтындықтан, эмиссияға рұқсат алуға міндетті табиғатты пайдаланушы болып табылмайтынын дәлелдей алды. Әкімшілік сот экологиялық инспектор Рахымбаевтың әкімшілік құқық бұзу туралы қаулысының күшін жояды.

Өзіне салынған 2,8 млн теңге сомасын даулауға талпынан кезде кәсіпкерде қиындық туындайды. Экология департаментінің Танат Балшеновке жасалған қуыным талабы экология инспекторының қаулысына негізделген болатын, бірақ аталмыш қаулы күшін жойғандықтан, кәсіпкерден залал сомасын өндіруге негіздеме де жойылған еді.

Алайда үш сот инстанциясында кәсіпкерге салынған өндіру сомасының күшін жоюдан бас тартылып, 2015 жылғы 22 қазанда қадағалау инстанциясы – Жоғарғы Сот қадағалау ісін қозғаудан бас тартады. Енді Ұлттық палата кәсіпкерді Экология департаменті өндіріп отырған төлемнен босату үшін, Бас прокуратураға сәйкес өтініш дайындап жатыр.

Бір айта кететіні, Алматы облысында дәл осындай жағдай орын алған болатын. Онда «САМ-Плюс» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен осыған ұқсас негіздемелер бойынша 18,6 млн теңге өндірілген болатын. Бірақ сәтін салып, Кәсіпкерлер палатасының құқықтық көмегімен компаниядан аталмыш соманы өндіру туралы сот шешімінің күші жойылды.

Дегенмен аталмыш мысалдар жергілікті атқару органдарының тіпті көлік компанияларын ҚТҚ тасымалдағаны үшін жауапкершілікке тартуға дайын екенін көрсетіп отырса, кәсіпкер Балақыз Жолдасованың басынан өткен жағдай кейбір әкімдіктердің жалпы бизнеске деген жағымсыз қатынасын көрнекі түрде көрсетеді.

2012 жылы Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі бұрын Бөлек ауылдық округіндегі күресінді пайдаланған «Қамқор» мемлекеттік кәсіпорнын таратып, тиісті құжаттары ресімдеместен оны Балақыз Жолдасоваға береді (Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі кәсіпкермен меморандум жасасумен шектеледі).

Бірнеше ай өткеннен кейін Экология департаменті Балақыз Жолдасованың қызметін тексеріп, нәтижесінде ол орында ешқандай да полигонның болуға тиіс еместігі, ал аудан әкімдігінің заңсыз орналасқан күресінді іс жүзінде жасақтауға рұқсат етіп, кәсіпкердің пайдалануына бергені анықталады.

«Қамқор» мемлекеттік кәсіпорнының 10 жыл бойғы қызметінен қоршаған ортаға келтірілген залал үшін лауазымды тұлғалардың ешқайсысы жауапкершілік алған жоқ, тек кәсіпкер ғана 2,8 млн теңге сомасына жауапкершілікке тартылып отыр.

Экологиялық заңнама бюджет ақшасына қалдықтарды жою және орналастыру нысандарын салуды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемені жергілікті атқару органдарына жүктейді. Бюджет кодексінің талаптарына сәйкес бюджеттік комиссиялар жұмысына Ұлттық палата өкілдерін тарту керек, алайда Кәсіпкерлер палатасының өкілдері қазіргі күнге дейін Алматы облысындағы 16 аудан мен 3 қала ішінен тек қана Ұйғыр, Ақсу аудандары мен Текелі қаласындағы үш бюджеттік комиссия құрамына кіргізілген.

Қажет инфрақұрылымның болмауы бизнесті тұйыққа тіреп жатады, ал жергілікті атқару органдары кәсіпкерлерді заңнаманы бұзуға мәжбүрлеп, орға жығып жатады.

2015 жылғы 5 қарашада Талғарда өткен Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырысында Ұлттық палата аталмыш деректер бойынша Алматы облысының әкіміне Ұлттық палатаны бюджеттік комиссияларға қосуға және айыпты лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуға қатысты жүгінеді деп шешілді. Ұлттық палата сонымен қатар Алматы облысында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын қайта жаңғырту жөніндегі жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауға бөлінген бюджет қаражатын жұмсауға тексеріс жүргізу мәселесі бойынша Есеп комитетіне хат жолдайды.

Кәсіпкерлер Таңат Балшенов пен Балақыз Жолдасованың шешілмеген түйткілдерін ҰКП бақылауға алды.

Анықтама үшін

2015 жылы Алматы облысы Мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы әкімдіктер мен облыстың Экология департаментінің қатысуымен Алматы облысының аумағын тексеріп, заңсыз күресіндер пайда болған 370 жер телімінің кез-келген түрдегі қалдықтарды тастауға арналмағанын анықтады.

Заңсыз қоқыс орындары жатқан 370 жер телімі мына аудандарда орналасқан: Ақсу ауданы – 38 телім; Ескелді ауданы – 16; Кербұлақ ауданы – 20; Алакөл – 33; Панфилов ауданы – 41; Еңбекшіқазақ ауданы – 33; Сарқанд ауданы – 25; Жамбыл ауданы – 31; Көксу ауданы – 28; Іле ауданы – 5; Қаратал ауданы – 19;Текелі қаласы – 1; Балқаш ауданы – 14; Ұйғыр ауданы – 25; Райымбек ауданы – 31; Талғар ауданы – 10.

370 жер телімінің жалпы ауданы 866,1327 гектарды құрайды: Ақсу ауданы – 55,1 га; Ескелді ауданы – 20,2377; Кербұлақ ауданы – 31,7; Алакөл – 81; Панфилов ауданы – 25,1; Еңбекшіқазақ ауданы – 83,6; Сарқанд ауданы – 44,7; Жамбыл ауданы – 83,5; Көксу ауданы – 63,5; Іле ауданы – 22,575; Қаратал ауданы – 34,5; Текелі қаласы – 5,4; Балқаш ауданы – 25,4; Ұйғыр ауданы – 150; Райымбек ауданы – 137,72; Талғар ауданы – 2,1.

Кейбір аудандарда 13084,1 тоннаны құрайтын қалдықтардың орналасу көлемі анықталған: Ақсу ауданы – 245,7 тонна; Кербұлақ ауданы – 6115 тонна; Алакөл – 2986 тонна; Панфилов ауданы – 1493 тонна; Еңбекшіқазақ ауданы – 1493 тонна; Жамбыл ауданы – 408,2 тонна; Көксу ауданы – 118,2 тонна; Талғар ауданы – 225 тонна.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер